Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, жыл соңына дейін шамамен 1 мың шақырым жол пайдалануға беріледі.
Осы ретте негізгі іске асырылып жатқан жобаларға тоқталайын. «Орталық – Оңтүстік» бағытында 2024 жылдың соңына дейін жалпы ұзындығы 1 208 шақырымды құрайтын «Қарағанды – Балхаш – Бурылбайтал – Құрты – Қонаев» және «Мерке – Бурылбайтал» жобалары аяқталады. «Қарағанды – Балхаш – Бурылбайтал – Құрты – Қонаев» учаскесінің жалпы ұзындығы 946 шақырым. Бүгінде ондағы 428 шақырымда қозғалыс ашылды. Жылдың соңына дейін тағы қосымша 106 шақырымда қозғалыс ашылатын болады. Қалған 412 шақырымды 2023 жылы аяқтаймыз, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар министр бұл жоба 2018 жылы басталған деп отыр. Ал аяқталуы 2023 жылға көзделген.
Құрты-Қонаев учаскесі 2020 жылы басталып, 2023 жылы аяқталады.с Уақытылы аяқталмауының себебі: мердігердің «Казгерстрой» жергілікті компаниясымен консорциумды түзету және бұзуын талап етуі. Ұзындығы 262 шақырымды «Мерке – Бурылбайтал» учаскесінде жылдың соңында қозғалыс толық ашылады. Бүгінгі күні ондағы 158 шақырым жолда қозғалыс ашылған. Қалған 104 шақырым жолда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоба 2018 жылы басталып, 2023 жылы аяқталады. Уақытылы аяқталмауының себебі: мердігердің түзетуді талап етуі, - деп түсіндірді Қайырбек Өскенбаев.
Министр шығыс өңіріндегі жалпы ұзындығы 1 363 шақырымға жететін «Талдықорған – Өскемен», «Қалбатау – Майқапшағай», «Үшарал – Достық» 3 ірі жобадағы құрылыс-монтаждау жұмыстары келесі жылы аяқталады деп сендірді.
Бүгінде 768 шақырымды құрайтын «Талдықорған – Өскемен» учаскесінде 649 шақырым жолда қозғалыс ашылды. Қалған 119 шақырым жолды 2023 жылы аяқтаймыз. Жалпы ұзындығы 415 шақырымды құрайтын «Қалбатау – Майқапшағай» учаскесінде 159 шақырым жолда қозғалыс ашылды. Жылдың аяғына дейін тағы 15 шақырым қосылады. Қалған 241 шақырым жолды келесі жылы іске қосамыз. Ал жалпы ұзындығы 180 шақырым «Үшарал – Достық» учаскесінде 155 шақырым жолда қозғалыс ашылды. 25 шақырым жолды 2023 жылы аяқтаймыз, - деді ол.