Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, Үкімет жұмысының негізгі басымдықтары – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың өмір сапасын арттыру.
Біз Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асырудамыз және AMANAT партиясының бағдарламасын орындауға кірістік. Президенттің ауқымды саяси реформасының арқасында Мәжіліске 6 партия кірді. Біз барлық партиямен белсенді жұмыс істейтін боламыз. Бұл оң нәтижесін беретіні сөзсіз, - деп атап өтті Әлихан Смайылов Үкімет отырысынан кейін кулуарда БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Сонымен қатар ол Үкіметтің басты мақсатын атады.
Біздің алдымызда биыл экономикалық өсім қарқынын 4 пайызға дейін және орта мерзімді перспективада 5 пайызға дейін жеткізу міндеті тұр. Бірінші кезекте, экономикалық саясатты кәсіпкерлікті дамытуға бағыттау керек. Экономиканың негізгі саласына отандық, сондай-ақ шетелдік инвестиция көлемін белсенді тарту қажет. Одан басқа, жыл соңына дейін инфляцияны 2 есеге дейін төмендетуге, экспорттық әлеуетті, жаңа технологияларды дамытуға, заңнаманы әрі қарай жетілдіруге бағытталған нақты іс-шараларға ерекше көңіл беру керек, - деді Премьер-министр.