Жыл соңына дейін әскерилер 100 пайыз вакцина алады - министрлік

25 Сәуір 2021, 21:33
1145
Бөлісу:
Жыл соңына дейін әскерилер 100 пайыз вакцина алады - министрлік

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Бас әскери медицина бастығының орынбасары медицина қызметінің полковнигі Әлібек Манабаев еліміздегі БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап беру барысында айтты.

- Жыл соңына дейін қанша әскери қызметші екпе алады?

- Жыл соңына дейін әскерилерді 100 пайыз вакцинациялау жоспарланып отыр. Әрине 100 пайыз бола қоймас, өйткені медициналық қарама-қайшылықтар болады. Ол жанағы бас санитарлық дәрігердің қаулысында көрсетілген жүктілер, бала емізетіндер, қандай да бір аурулары бар адамдар.

-Жақсы. Әскерлер вакцинаға байланысты ғылыми сынақтар мен тәжірибелерге қатыса ма?

- Жоқ, әскерилер ғылыми сынақтарға, клиникалық зерттеулерге қатыспайды. Бұл халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі кодексінде қарастырылған. Бұл әскери қызметтің ең бірінші тұрақты әскери даярлықта болуы мен байланысты.

- Екпе қабылдаған әскери қызметшілерге қандай да бір жағымсыз әсерлері байқалды ма? Екпеден кейін олар жалпы өздерін қалай сезінді?

- Қарулы Күштерінде жаппай вакцинациялау 10 сәуірден басталды. Қазіргі күнде 18 мыңнан астам адам вакцинация алды. Бірақ олардың ішінде жағымсыз әсерлер болған жоқ. Қандай да бір вакцинация алған кезде шамалы дене қызуының көтерілуі, екпе салған орнынының ауруы сияқты шағымдар болған. Ол вакцина алғаннан кейінгі иммундық жүйенің қарсы реакциясы деп есептейміз.

-Толықтай вакцина алған қанша? Яғни екпенің екінші компонентін қабылдағандардың санын айтсаңыз?

- Толықтай вакцинация алған адамдардың саны 500-ден астам қазіргі уақытта.

- Алыс гарнизондағы екпе қабылдау қалай ұйымдастырылды?

- Алыс гарнизондарда екпе жүргізу жергілікті денсаулық сақтау мекемелері арқылы жүргізіледі. Олар аймақтық денсаулық сақтау мекемелерінен жылжымалы екпе жүргізетін бригадалар арқылы жүзеге асырылып жатыр.

- Ал жалпы мерзімді әскери қызметшілерге екпе салына ма?

- Мерзімді әскери қызметшілерге екпе салынады. Бұл қатерлі топ санатына жататын болғандықтан әскери қызметшілер көп адам бір жерде өмір сүреді, бір жерден тамақтанады соған байланысты оларды бірінші ретте вакцинациялаймыз. Ол үшін түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Әрбір әскери қызметші ерікті түрде екпе алады.

- Әлеуметтік желілерде әскери қызметшілерді екпе салуға мәжбүрлейді деген ақпарат жүріп жатыр. Бұл қаншалықты рас?

- Бұл ақпаратты рас деуге келмейді. Өйткені әрбір әскери ортада әскери қызметші өзінің басшылары, командирлеріне еліктеу арқылы вакцинация алуға талпынады. Мысалға бөлім командирі, медицина қызметкерлері өткеннен кейін олар да екпе алып қатардан қалмауға тырысады.

- Басшылық құрамнан екпе салғандар кімдер?

- Қорғаныс министрлігінде екпе салғандардың ең алғашқылары – Қорғаныс Министрінің өзі, оның орынбасарлары, бас қолбасшылары. Әрине медициналық қарама-қайшы болған адамдар ғана екпе алған жоқ.

- Жақсы. Екпе қабылдаған медицина қызметкерлерінің санын айта кетсеңіз?

- Бүгінгі күнде мыңдаған әскери медицина саласының мамандары екпе алды.

- Жалпы Қазақстанда қанша әскери медициналық қызметкер бар?

- 3000-нан астам.

- Қанша медициналық қызметкер коронавирус індетімен күресуге жұмылдырылды?

- Мұндай мәселе қарастырылған. Денсаулық сақтау мекемелерінің жергілікті әкімшіліктердің сұранысы бойынша Қорғаныс министрлігі 2000-нан астам әскери медицина қызметкерін коронавирусқа қарсы іс-шараларды жүргізуге жұмылдыра алады.

- Қазіргі кезде Қазақстанда коронавируспен күреске жұмылдырылған әскери медицина қызметкерлері бар ма?

- Жергілікті әкімдіктердің сұранысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы Бас әскери клиникалық госпиталь мен Алматы қаласындағы әскери клиникалық госпиталь коронавирусы бар науқастарды емдеуге жұмылдырылып отыр. Бұл мекемелерде тәжірибе жеткілікті өйткені пандемияның 1-кезеңінде Қарулы Күштердің 4 әскери мекемесі коронавирус жұқтырған науқастарды емдеуге атсалысты.

- Оларға үстемеақы төлеу жағы қарастырылған ба?

- Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына өзгерістер енгізу арқылы қарастырылған. Азаматтық денсаулық сақтау саласындағы әріптестер сияқты оларда үстемақы алып отыр.

- Әлібек Нығметоллаұлы жауаптарыңызға рахмет!
Өзгелердің жаңалығы