Жыл соңына дейін үлгеру керек. Нығматулин ашығын айтты

2 Қыркүйек 2020, 10:51
5256
Бөлісу:
Жыл соңына дейін үлгеру керек. Нығматулин ашығын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістің алтыншы сессиясын  ашқан төраға Нұрлан Нығматулин Президент Жолдауында айтылған басым бағыттар бойынша қандай заң жобалары қабылданатынын айтты.

Құрметті депутаттар, бүгін Мәжілістің алтыншы сесиясын ашып отырмыз. Өздеріңізге белгілі, кеше Президент өзінің Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жолдады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында уақыт талабына сай даму бойынша негізгі бағыттарды және батыл қадамдарды көрсетіп берді. Жолдау - еліміздегі барлық салаға арналып отыр. Сондықтан осы бастамаларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету - депутаттық корпустың негізгі міндеті болып табылады. Жолдауда 11 басым бағыт аталып көрсетілді. Оның ішінде денсаулық сақтау, білім, экономиканы дамыту және басқа салалар қамтылған, - деді Нұрлан Нығматулин.

Ол осы ретте жыл соңына дейін қабылдануы тиіс заң жобалары туралы айтты.

Мемлекеттік басқару жүйесі, мемлекеттік қызмет туралы заң жобаларын қабылдауымыз керек. Президент ұлттық индустрия қажет екенін атап өтті. Сондықтан өндіріс саясаты аса маңызды. Жыл соңына дейін бұған қатысты да заң жобасын қабылдап үлгеруіміз қажет. Одан бөлек, экономикаға байланысты стратегиялық және инвестициялық келісімдер бар. Тағы бір аса маңызды заң жобасы - квазимемлекеттік сектордағы реформаларды қолдауға байланысты болмақ. Бұл тақырып Мәжілісте де бірнеше рет көтерілген. Президент Үкімет және "Атамекен" кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп салық кодексіне ревизия жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, жыл соңына дейін экология кодексін қабылдауымыз қажет, - деді Мәжіліс төрағасы.

Өзгелердің жаңалығы