Медицина қызметкерлерінің жалақысын 30% арттыру жоспарланып отыр – министр

31 Қазан 2019, 01:23
1418
Бөлісу:
Медицина қызметкерлерінің жалақысын 30% арттыру жоспарланып отыр – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов түркі әлемі елдерінің VI медициналық конгресінің ашылуына қатысты.

Ведомствоның мәліметінше, ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Стамбулға іссапары аясында түркі әлемі елдерінің VI медициналық конгресінің ашылуында құттықтау сөз сөйледі.

Министр Қазақстан мен Түркия арасындағы 1991 жылдан бергі 30 жылдық қарым-қатынасты және Түркияның біздің республикамыздың тәуелсіздігін  бірінші мойындағанын атап өтті. Сондай-ақ, министр ынтымақтастық кеңесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған  "Түркі көзқарасы 2040" бағдарламасы аясында түркі елдерін ұзақмерзімді қарым-қатынас орнатуға шақырды.

"Түркия мен Қазақстан арасындағы денсаулық сақтау және медицина саласындағы өзара тиімді байланыс белсенді дамуда. Сондай-ақ түркі әлемінің өзге елдерін де денсаулық сақтау саласында  тығыз ынтымақтастыққа шақырамын", - деді министр.

Елжан Біртанов соңғы 18 жылда мыңжылдық декларациясындағы даму  жолындағы  мақсаттар мен тұрақты даму саласындағы мақсаттар аясында Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 8 жылға дейін ұзарып, ана өлімі коэффициенті 4 еседен астам, ал нәресте өлімі коэффициенті 2,5 есеге азайғанын айтты.

"Қазақстанда ұлт денсаулығын нығайту -  ұлттық құндылықтың бірі. 2018 жылы тұңғыш  президент білім беру, ғылым және денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржыны  5 жыл ішінде ЖІӨ-нің 10% -ына дейін арттыруды және денсаулық сақтау саласына ЖІӨ-ден 5% бөлуді тапсырды", - деді Елжан Біртанов.
Сонымен қатар, ол Қазақстанда биомедициналық зерттеулер нарығын дамытуға,  отандық және денсаулық сақтау саласындағы  ғылыми зерттеулер мен инновацияға инвестиция салу үшін шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын  айтты.

Министр Қазақстанда келесі жылы қабылданатын жаңа "Халық денсаулығы және  денсаулық сақтау жүйесі туралы"  кодекс пен денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл сайын медицина қызметкерлерінің жалақысын 30%-ға дейін арттыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Нәтижесінде медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы экономикадағы орташа еңбекақыдан 2,5 есе жоғары болады.

Елжан Біртанов  ДДСҰ, ЮНИСЕФ және Қазақстан Үкіметі ұйымдастыруымен Қазақстан астанасында өткен жаһандық конференцияда жаппай денсаулық сақтау қызметтерімен қамтамасыз ету үшін  медициналық-санитарлық алғашқы көмекті  денсаулық сақтау жүйесінің іргетасы  деп  танып, Астана декларациясының  қабылданғанын  атап өтті. Осылайша, ДДҰ-ға мүше мемлекеттер медициналық-санитарлық алғашқы көмекті қолдайтынын растады.

"Түркия үкіметінің халық денсаулығын жақсартудағы  рөлін атап өткім келеді. Түркия тәжірибесі мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобалары бойынша аурухана құрылысы мен жабдықтар сатып алуға инвестиция тартуға, сондай-ақ медициналық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді, бұл түптеп келгенде халықтың денсаулығын жақсартуға әсер етеді.Түркі елдерінің үкіметтері Түркияның тәжірибесін қабылдап, оны өз елдерінде енгізе алады", – деді ол.
ҚР денсаулық сақтау министрінің пікірінше, түркі кеңесі аясында түркі елдері  бұл платформаны ортақ саяси жобаларды қолдап, дамытуға  және оларды жаһандық деңгейде ұсыну үшін пайдалана алады.

"Түркі елдері көшбасшыларының саяси қолдауы біздің  күш біріктіруімізге және жаппай  денсаулық сақтау қызметтерімен қамту үшін медициналық-санитарлық алғашқы көмекке ерекше назар аударуға мүмкіндік береді", - деп қорытындылады министр.

Өзгелердің жаңалығы