Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жыл сайын әлемде 700 мыңнан астам адам өз-өзіне қол жұмсайды

20 Тамыз 2025, 05:18
597
Бөлісу:
 freepik
Фото: freepik

Соңғы 30 жыл ішінде әлемде суицид жағдайлары едәуір азайды. Сеулдегі Кенхи университетінің медицина колледжі ғалымдарының зерттеуіне сәйкес, 1990-2021 жылдар аралығында 102 елде суицид деңгейі орта есеппен 29,9%-ға төмендеген. Бұл туралы Nature Mental Health журналында жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.

1990 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 10,33 суицид тіркелсе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 7,24-ке дейін төмендеген.

Бай елдерде айтарлықтай төмендеу

Табысы жоғары 54 елде құлдырау айқынырақ байқалды. 1990 жылы мұндай мемлекеттерде 100 мың адамға шаққанда 12,68 жағдай тіркелсе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 8,61-ге дейін түскен (32,1%-ға азайған). Табысы төмен және орташа елдерде де төмендеу байқалады – 7,88-ден 5,73 жағдайға дейін (27,3%-ға аз).

Ғалымдар мұны жастардың әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын дамытуға бағытталған бағдарламалармен, психикалық денсаулыққа қатысты стигманың азаюымен, сондай-ақ психиатриялық және психоәлеуметтік көмектің қолжетімді болуымен байланыстырады.

2050 жылға дейінгі болжам

Зерттеушілердің болжамынша, 2050 жылға қарай суицид деңгейі баяу төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 6,49 жағдайға жетуі мүмкін. Дегенмен сарапшылар ұзақ мерзімді болжамдардың экономикалық дағдарыстар, пандемиялар және әлеуметтік күйзелістер сияқты күтпеген факторларды ескере алмайтынын ескертеді.

Фрайбург университетінің сарапшысы Лассе Зандер әлемдік динамика оң болғанымен, мәселе әлі де өзекті екенін айтады: жыл сайын 700 мыңнан астам адам суицидтен қайтыс болады.

Өзгелердің жаңалығы