Жыл соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтіру жоспары іске асырылуда

29 Шілде 2020, 15:20
1720
Бөлісу:
Жыл соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтіру жоспары іске асырылуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кешенді жоспар 10 бағыт бойынша қаржылық және қаржылық емес шараларды қарастырады, - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов. Ол мұны ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында экономиканы қолдау шаралары бойынша өткен онлайн брифинг кезінде айтты.

Бүгінгі таңда 2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша кешенді жоспар іске асырылуда. Кешенді жоспар "Атамекен" ҰКП мен еліміздің барлық өңірінен келген кәсіпкерлердің ұсыныстарын ескере отырып қалыптастырылған және отандық бизнесті толғандыратын неғұрлым өзекті және проблемалық мәселелерді ескереді. Біз бизнеспен үнемі байланыстамыз. Кешенді жоспар 10 бағыт бойынша қаржылық және қаржылық емес шараларды қарастырады. Бұл - өңдеу өнеркәсібі, тау-кен металлургия және агроөнеркәсіп кешені, құрылыс саласы, азаматтық авиация, логистика, туризм, ШОБ және қызмет көрсету секторы, сондай-ақ, әлеуметтік сала. Әрбір сала бойынша өзекті мәселелерді жедел шешу үшін шаралар іске асырылуда. Кешенді жоспарды іске асыру үшін заңнамаға салықтық ынталандыруды қамтитын шұғыл түзетулер пакеті қабылданды. Өңдеуші сектор компанияларының айналым қаражатын толықтыру үшін корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша аванстық төлемдер сомасының 33%-ын 2020 жылғы 2 және 3 тоқсаннан 2021 жылға ауыстыру көзделген, сондай-ақ қосымша құн салығын (ҚҚС) оңайлатылған қайтару мөлшері 70%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды, - деді ол.

Министр әуе тасымалы саласын қолдау мақсатында жыл соңына дейін әуежайлар үшін жер салығы мен жер учаскелерін пайдаланғаны үшін жасалатын төлем, сондай-ақ ұшақтардың қосалқы бөлшектерінің импортына ҚҚС және авиакомпаниялар үшін резидент еместердің қызметтері бойынша ҚҚС алынып тасталғанын айтты.

Мемлекеттік емес БАҚ 2020 жылдың 1 қазанына дейін еңбекақы төлеу қорынан салықтар мен міндетті төлемдерден босатылды. Жеке тұлғалар үшін жыл соңына дейін салықтық рақымшылық енгізілді. Салықтың негізгі сомасын төлеген кезде өсімпұл мен айыппұл есептен шығарылады. Ұлттық инфрақұрылым операторы үшін 2020 жылғы 2 және 3 тоқсандарға арналған ҚҚС төлеу мерзімі 2021 жылдың ақпанына ауыстырылды. Халықаралық автомобиль жүк тасымалдарын жүзеге асыратын кәсіпкерлерді қолдау үшін жыл соңына дейін сүйрейтін техниканы алғашқы тіркегені үшін алым алынып тасталды. Салықтық әкімшілендіру бөлігінде жыл соңына дейін резиденттік сертификаттарын ұсыну мерзімдері ұзартылды, сондай-ақ ТЖ кезінде ресімделген құжаттардың сканерленген көшірмелерінің заңдылығы белгіленді. Кешенді жоспарда салықтық ынталандырулармен қатар, несие беруді кеңейту, инфрақұрылымды дамыту, ішкі өндірісті, кәсіпкерлікті қолдау және жұмыспен қамтуды сақтау жөніндегі шараларды іске асыру көзделген. Осы жылдың қыркүйегінде депутаттардың қарауына жеке заң жобасымен екінші түзетулер пакеті енгізілетін болады, - деді ол.
Өзгелердің жаңалығы