Жыл басынан трансшекаралық су айдындарын пайдалану мәселесі бойынша 15 іс-шара өтті

Бүгiн, 19:39
133
Бөлісу:
Жыл басынан трансшекаралық су айдындарын пайдалану мәселесі бойынша 15 іс-шара өтті
PHOTO
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

2024 жылдың басынан Су ресурстары және ирригация министрлігі шекаралас елдермен трансшекаралық су нысандарын пайдалану мәселесі бойынша 15 іс-шараға қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның су шаруашылығы және энергетика ведомстволары басшыларының су-энергетикалық ынтымақтастық мәселелері жөнінде үш кездесуі өтті. Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасында екіжақты су қатынасын арттыру бойынша ұсыныс әзірлеу жөнінде бірлескен жұмыс тобының екі отырысы өтті.

Сәуір айында Шымкентте Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов суару маусымында «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы Қазақстанға 922 млн текше метр су жіберу туралы келісімге келді.

Бішкекте Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының 33-ші отырысы өтіп, Қырғызстаннан елімізге Шу өзені арқылы 180 млн текше метр және Талас өзенімен 380 млн текше метр су жіберу туралы мәміле жасасты.

27 шілде өткен 34-ші отырыста суару кезеңінің тұрақты өтуі және басқа да мәселелер талқыланды.

Жыл басынан трансшекаралық су айдындарын пайдалану мәселесі бойынша 15 іс-шара өтті

Маусым айының соңында Сиань қаласында екі іс-шара: ҚР мен ҚХР арасындағы трансшекаралық өзендерде су бөлу туралы келісім жобасын зерделеу және келісу жөніндегі жұмыс тобының XII отырысы, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық өзендердің бүкіл бассейнінің су ресурстарын бағалау жөніндегі жұмыс отырысының 9-раунды өтті.

Трансшекаралық су нысандарын бірлесіп пайдалану және қорғау жөнінде Қазақстан-Ресей комиссиясы жұмыс топтарының үш отырысы өтті. Атап айтқанда, Тобыл, Ертіс және Есіл өзендері бойынша келіссөз жүргізілді.

Наурыз айындағы су тасқыны кезінде Орынбор қаласында Иреклі су қоймасының жұмыс тәртібі жөнінде ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өтті. Ал мамыр айында Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров Қазақстан мен РФ арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның отырысына қатысты.

Жыл соңына дейін трансшекаралық су нысандары мәселелері бойынша тағы 18 іс-шара өткізу жоспарланып отыр.

Министрлік су дипломатиясына үлкен көңіл бөледі. Уақтылы келіссөздердің нәтижесінде биыл суару маусымында Қазақстанның оңтүстігіндегі шаруаларды суармалы сумен тұрақты қамтамасыз етіп отырмыз. Су тасқыны кезінде үлкен көлемде Ресейден келген суды қабылдауға су қоймаларын дайындадық. Сондай – ақ, министрлік трансшекаралық өзендердің суын дәл есепке алу үшін қондырғыларды орнату бойынша көрші елдермен келіссөз жүргізуге ниетті, - деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.

Өзгелердің жаңалығы