Елімізде жыл басынан бері қазынаға 14 млрд теңгеге жуық салық түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов елордада өтіп жатқан ТМД Салық қызметтері басшылары үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында мәлімдеді.
Биылғы 9 ай ішінде мемлекеттік бюджетке түскен салық түсімдерінің сомасы 13 318,8 млрд теңге. Бұл былтырғы жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 24,9 пайызға немесе 2 656,0 млрд теңгеге артық, - деп атап өтті ведомство басшысының орынбасары.
Сонымен қатар ол салықтың республикалық және жергілікті бюджетке қанша көлемде түскеніне тоқталды.
Республикалық бюджетке – 8908,4 млрд теңге түсті. Бұл 23,0 пайызға немесе 1 667,6 млрд теңгеге артық. Ал жергілікті қазынаға түскен салық 4 410,4 млрд теңгені көрсетті. Сәйкесінше, бұл көрсеткіш 28,9 пайызға немесе 988,4 млрд теңгеге артық, - деді Ержан Біржанов.
Айта кетерлігі, бүгін Астанада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің салық органдары басшылары бас қосты. Жиында салықтық әкімшілендіру мен адам ресурстарын дамыту және технологиялық (цифрлық) шешімдер талқылануда. Сондай-ақ 30-шы рет өткізіліп отырған отырыста үлкен көлемдегі деректерді талдау әдістері шешіледі.