Жыл басынан бері Павлодарда 4 бала терезеден құлап, үшеуі көз жұмған

15 Маусым 2023, 16:57
680
Бөлісу:
Жыл басынан бері Павлодарда 4 бала терезеден құлап, үшеуі көз жұмған
Фото: автордан

Ертіс өңірінің құқықорғау органдары, мемлекеттік орган мен бизнес өкілдері балалар қауіпсіздігі мәселесін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Басты мақсат – сәбилердің терезелерден құлау оқиғаларын алдын алу үшін ортақ әрекет ету.

Статистикалық деректерге сүйенсек, Павлодарда төрт бала терезеден құлап, үшеуі көз жұмды. Ал өткен жылы 11 қайғылы жағдай тіркелген. Балалар арнайы торлар мен бекіткіштері жоқ терезелерден құлаған. Бүгінде облыс орталығында тиісті қорғаныс құралдармен жабдықталмаған терезелері бар 1000-ға жуық пәтер анықталып отыр. Бұл үйлерде екі мыңға жуық ұл-қыз тұрады.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинаның айтуынша, осы күнге дейін екінші қабаттан жоғары пәтерде тұратын және мектепке дейінгі жастағы бала тәрбиелеп отырған отбасылардың есебі жүргізілді.

Бүгінде 17 мыңнан астам сәби көпқабатты үйде тұрады. Олардың 2,6 мыңы әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын жанұяларда тәрбиеленуде. Ал төрт мың бала тұратын баспаналардың пәтерлерінде арнайы қорғаныс құралдары жоқ болып шықты. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ақпараттық жұмыстар жүргізіледі. Ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары да қолға алынған. Десе де, кері байланыс тиісті деңгейде емес, - дейді Самал Айтқазина.

Жүргізілген шаралардың нәтижелері шамалы болғандықтан, сала мамандары терезе шығаратын кәсіпорындармен меморандумға қол қоймақ. Қазіргі уақытта құжат жобасы дайын. Алдағы уақытта бизнес өкілдеріне танысуға жолданады.

Айта кетейік, терезе торларының нарықтағы бағасы 11 мың теңгеден 15 мың теңгеге жетеді. Бұл соманы кез келген отбасының қалтасы көтермеуі мүмкін. Ал бұғаттауыш 800 теңге тұрады. Мамандар терезеден бұрын, қарапайым бұғаттауыштарды орнату қажеттілігін айтады. Кәсіпкерлер бұл мәселеге қатысты оң көзқарас білдірсе, ата-аналарға құралдар мен терезелерді қолжетімді бағамен сату мен құнын бөліп төлеуге мүмкіндік берілмек. Болашақта қайырымдылық акциясы өткізіледі. Жоспар іске асса, демеушілер аз қамтамасыз етілген отбасыларға бұғаттауыш құралдарды сатып алмақ.

Өзгелердің жаңалығы