Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мектепке дейінгі білім беруді дамыту жөніндегі кешенді шараларды іске асыру шеңберінде елімізде 2024 жылдың басынан бастап мектепке дейінгі ұйымдарда 40 мыңға жуық жаңа орын ашылды. Бұл туралы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Манар Адамова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды арттыру мақсатында 2023-2027 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосудың қадамдық жоспары әзірленді, осылайша балаларды мектепке дейінгі сапалы біліммен қамту деңгейі 91,5%-ға жетті.
Жаңа орындарды ашу жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі ұйымдарды реконструкциялау, жаңадан салу, шағын орталықтар желісін кеңейту, сондай-ақ жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру есебінен жоспарлануда. Бүгінгі таңда Павлодар облысында балаларды қамтудың ең жоғары көрсеткішіне қол жеткізілді, - деп атап өтті Манар Адамова.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде барлығы 11,5 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді және мұнда 1 миллионға жуық бала тәрбиеленуде. Биыл 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі оқытумен және тәрбиемен қамтуды 92,5%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр.