Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Асқар Тәженов айтты.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы 2019 жылы мас күйінде көлік жүргізетін жүргізушілерге қатысты жазаны күшейту туралы тапсырма берген болатын. Өткен жылдың қаңтар айынан бастап жаңа талаптар күшіне енді. Жаңа заң талаптарына сәйкес, мас күйінде көлік құралын басқару үшін әкімшілік және қылмыстық жаза күшейтілді.
Асқар Тәженовтың мәліметіне сүйенсек, осы жылдың бес айында республика жолдарында мас күйінде көлік жүргізген жүргізушілердің кінәсінен болған 149 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның салдарынан 280 адам зардап шегіп, 31-і көз жұмды.
Ол сонымен қатар күшейтілген әкімшілік және қылмыстық жазаға тоқталды.
Әкімшілік жазаны күшейтуге келер болсақ, біріншіден жүргізуші куәлігінен айыру мерзімі ұзартылды. Егер бұрын бірінші рет мас күйінде көлік басқарғаны үшін жүргізуші куәлігінен үш жылға айыру көзделсе, жаңа заң бойынша бұл мерзім жеті жылды құрап отыр. Екіншіден, қамау түрінде жаңа әкімшілік жаза іске қосылды. Енді мас күйінде көлік жүргізген адам жүргізуші куәлігінен айырылып қана қоймай, он бес тәуілікке қамауға алынады. Егер мас күйінде көлік жүргізуші жол көлік оқиғасына жол берсе, алайда оқиғадан адам денсаулығына залал келтірмесе жеті жыл жүргізуші куәлігінен айырылумен қатар, 20 тәуілікке қамауға алынады. Бұған дейін мұндай құқық бұзушылық үшін азамат төрт жылға жүргізуші куәлігінен айырылатын, алайда қамау түріндегі әкімшілік жазаға тартылмайтын, - деді ол.
Оқи отырыңыз: