Жыл басынан бері елімізде қанша бала дүниеге келді

15 Шілде 2024, 21:30
434
Бөлісу:
Жыл басынан бері елімізде қанша бала дүниеге келді
Фото: ДСМ

Денсаулық сақтау министрлігінің аппараттық кеңесінде 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы балалар скринингінің қорытындылары қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ағымдағы жылдың алғашқы алты айында елімізде 182 560 бала дүниеге келді, оның 97%-ы неонаталдық скринингпен қамтылды.

Дене салмағы 2500 грамнан аз 9075 жаңа туған нәрестенің 95%-ы офтальмологиялық скринингтен өтті. Медициналық көрсетілімдер бойынша алғашқы 48 сағаттың ішінде 240 балаға хирургиялық емдеу жүргізілді. Есту қабілетінің өткізгіштік және нейросенсорлық жоғалуын анықтауға бағытталған аудиологиялық скринингпен 169 мың жаңа туған нәресте қамтылды.

Кеңес барысында балалар скринингтерін жүргізудің тиімділігін төмендететін проблемалар айтылды. Мәселен, Алматы қаласында балалар скринингін жүргізудің әлсіз бақылануы, мониторинг пен талдаудың болмауы, сондай-ақ босандыру және балалар ұйымдарының жеткіліксіз жарақтандырылуы атап өтілді. Алматы және Маңғыстау облыстарында жабдықтармен жарақтандырудың жеткіліксіздігі, скринингпен қамтудың төмендігі және нәтижелерді бақылау мен талдаудың болмауы байқалады. Атырау, Алматы және Ақмола облыстарында инвазивті диагностика әдістері енгізілмеген және жүргізілмейді.

Сонымен қатар, бүкіл елде жүкті әйелдердің ағымдағы жылы ерте диагностикамен қамтылуының, әсіресе жүктіліктің 12 аптасына дейін ультрадыбыстық және биохимиялық скринингке қатысты төмендеуі бпйқалады.

Денсаулық сақтау министрі жүкті әйелдерді ерте диагностикалау көрсеткіштерін жақсартудың және босанғанға дейінгі кезеңдегі скринингтік тәсілдерді жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.

Болашақ ұрпақтың денсаулығы жүкті болғанға дейін басталады. Жаңа туған нәрестелердегі генетикалық бұзылулардың қаупін азайту және балаларымыздың саламатты болашағын қамтамасыз ету үшін ерте диагностика мен скринингті жақсарту маңызды,— деп атап өтті министр Ақмарал Әлназарова.

Кеңес қорытындысы бойынша ведомство басшысы балалардың арасында ауруларды болжау жүйесінің тиімділігін арттыру үшін скринингтерге білікті пренатологтарды тартуды қамтамасыз етуді, сондай-ақ босандыру және балалық шақ ұйымдарын жабдықтармен жарақтандыру мәселесін шешуді тапсырды.

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмектің жоғары деңгейін қамтамасыз ету және болашақ ұрпақтың денсаулығын сақтау үшін балалар денсаулығының скринингі мен мониторингі жүйесін жақсарту бойынша жұмысты жалғастырады.

Өзгелердің жаңалығы