1 тамызда ірі қара мал саны 2,7%-ға артып, 9,68 млн басты құрады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жылқы 7,7%-ға өсіп, 4,2 млн басты құрады. Қойдың саны 3,6%-ға 23 млн басқа дейін жетті. Сонымен қатар, құс басы шамалы 0,3%-ға 49,6 млн басқа дейін азайды, ешкі саны 3,9%-ға 2,6 млн басқа дейін, шошқа саны 2,7%-ға 818,3 мың басқа дейін кеміді.
Жарты жыл ішінде шаруашылықтардың барлық санаттарында сойылған салмағындағы барлық түрдегі ет өндіру көлемі 666,7 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,6%-ға артық.
2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 924,4 мың тонна ет өндірілді. Ішкі нарық құс етін қоспағанда, отандық өндіріс есебінен мал шаруашылығы өнімдерімен толық қамтамасыз етілген. Ел нарығындағы импорттық тауықтың үлесі 33% құрайды.
Сонымен қатар, отандық ет өнімдері шетелде сұранысқа ие болып отыр. Алты айда қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 11,8 мың тонна ет пен ет өнімдерін, оның ішінде 7,5 мың тонна ірі қара және 3,6 мың тонна қой етін экспорттады. Отандық өндірістің ет және ет өнімдерінің негізгі импорттаушылары - Өзбекстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Катар, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері және Сауд Арабиясы Корольдігі сияқты елдер.
Қазақстандық ет өңдеушілер ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуды субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау алады, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға және жаңа кәсіпорындар салуға жұмсалатын шығыстардың 25%-на дейін өтеледі. Бұдан басқа, айналым қаражатына берілетін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тетігі енгізілді. Өз кезегінде мал өсірушілердің малды өңдеуге тапсырған кездегі шығындарының бір бөлігі субсидияланады.