Жыл басынан бері Астанада 19 бала терезеден құлап кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның үшеуі мерт болған.
Астананың аумағында бас-аяғы 1000-нан астам көп қабатты ғимарат бар. Олардың дені тұрғын үйлер. Төтенше жағдай қызметінің мамандары Алматы ауданындағы үйлерді аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ондағы басты мақсаттардың бірі – балалардың қатысуымен болғатын қайғылы жағдайларды болдырмау.
Төтенше жағдай қызметіндегілер қайғылы жағдайларды болдырмау үшін ең бірінші кезекте балаларды жалғыз қалдырмауға кеңес береді.
Сондай-ақ мамандар тұрғындарға өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауға шақырып отыр. Себебі, жыл басынан бері елорда аумағында 377 өрт оқиғасы тіркелген. Оның 60-ы көпқабатты үйлерде болыпты. Салдарынан 10 адам түрлі дәрежедегі ауыр жарақаттар алған.
Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2,7%-ға өсіп отыр. Департамент қызметкерлері маусым айынан бастап 6000-ға жуық елордалық тұрғынмен кездесіп, өрт қауіпсіздігі қағидаларын түсіндірген.