Бұл туралы Орталық коммуникациялар алыңында өткен брифинг барысында ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елімізде осы жылы кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстардың саны 22%-ға өскен.
Биыл кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың өсуіне жол-көлік оқиғалары, жыныстық қылмыстар, бұзақылық және ауырлығы орташа және денсаулығына ауыр зиян келтіру әсер етті. Кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстардың жалпы санының 30%-ы ерікті түрде жыныстық қатынасқа түсу нәтижесінде жасалған. Денсаулық сақтау органдарымен салыстырып тексеру барысында полиция 69 қылмысты анықтады. Бұл жасөспірімдердің жыныстық өмірді ерте жастан бастайтындығын көрсетеді, - деді Қайсар Сұлтанбаев.
Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың өздері жасаған қылмыстардың саны 60%-ға қысқарған.
Қылмыстардың жасалу себебі ата-аналар тарапынан балалардың мінез-құлқын тиісті бақылаудың болмауы. Статистикаға сәйкес әрбір төртінші қылмысты кәмелетке толмағандар түнде ата-аналарымен бірге үйде болу керек кезде жасайды. Жыл басынан бастап 91 мыңнан астам ата-ана, сондай-ақ 1,6 мыңға жуық кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.