Биыл тамақтан уланудың 17 жағдайы тіркеліп, салдарынан 363 адам зардап шекті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Елдегі эпидемиологиялық жағдай туралы» брифинг барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе төмен екенін айтты.
Оның мәлімдеуінше, 17 жағдайдың 11-інде азаматтар қоғамдық тамақтану орнында ас ішкен.
3 оқиға балалар ұйымында тіркелсе, қалған 3 жағдайда адамдар фаст-фуд өнімдеріне тапсырыс беріп, өзін жайсыз сезінген. Осы деректер бойынша тергеп-тексеру амалдары мен зертханалық зерттеулер жүргізілді, - деді Есмағамбетова.
Айта кетейік, бұған дейін Айжан Есмағамбетова тамақ пісіру кезінде шикі еттің дәмін татпаған дұрыс екенін айтты. Сонымен қатар ол қызылша ауруына көбінесе кімдер шалдығатынын атап өтті.