Жыл басынан бері 124 жамбылдық медицина маманы індетке шалдыққан

1 Мамыр 2021, 14:25
1653
Бөлісу:
Жыл басынан бері 124 жамбылдық медицина маманы індетке шалдыққан

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбылдық дәрігерлер басшылыққа алып отырған негізгі құжат – денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Онда халықтың денсаулық жағдайын және медициналық көмек көрсету деңгейін сипаттайтын орындалуы міндетті индикаторлар белгіленген.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев айтып берді. Сонымен қатар ол шешімін күткен мәселелерге де тоқталып, саладағы қазіргі ахуалды тілге тиек етті.

Жамбыл облысының денсаулық сақтау саласын дамытудың қысқа мерзімді міндеттерінің бірі – халықтың денсаулығын сақтау ісінде негізгі жүктемені орындайтын денсаулық сақтаудың неғұрлым күрделі буыны – алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту болып табылады. Бізге БМСК дамыту, кадрлық дайындық, инновациялық технологияларды енгізу, жол карталарын іске асыру бойынша үлкен жұмыстар атқару қажет, - деп атап өтті басқарма басшысы.

Ол өз сөзінде мамандар тапшылығының өзекті болып отырғанын да жасырмады. Қазіргі таңда облыс бойынша 248 маман керек. Сондай-ақ материалдық-техникалық базаны жақсартуға да баса назар аудару қажет.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылға дейін әрбір елді мекенде денсаулық сақтау нысаны болуы тиіс. Жақын арада Жамбыл облысында 60 ауылдық мекенге медициналық нысан салу жоспарланып отыр. Жөндеуге келмейтін Байзақ және Қордай аудандарының орталық аудандық ауруханаларына жаңа ғимарат керек, - деді Әсет Әскербекұлы.
Оның айтуына қарағанда, Қордай ауданында халықтың медициналық көмекке қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін Сортөбе ауылында емхана және Масаншы ауылында ауылдық ауруханаға қосымша құрылыс салыну керек екен. Сол сияқты Жамбыл, Жуалы, Меркі, Мойынқұм, Сарысу, Талас аудандарының орталық аудандық ауруханалары күрделі жөндеуді қажет етіп тұр.
Біз өмір сүріп отырған жиырма бірінші ғасырдың медицинасын қазіргі заманғы жабдықтарсыз елестету мүмкін емес. Дегенмен, қазіргі таңда өңірдегі денсаулық сақтау нысандарының жаңа технологиямен жарақтандырылу деңгейі 85,1 %-ды құрап отыр. Ауруханалық ұйымдарда заманауи жабдықтардың және даярланған мамандардың болмауына байланысты тұрғындардың арасында облыстан тыс жерлерден, Қазақстанның басқа өңірлерінен, көршілес Қырғызстаннан медициналық көмек алуға жүгінетіндер бар. Егер даярланған мамандар жеткілікті және қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандырылған жағдайда пациенттердің 50 пайыздан астамы облыс орталығынан көмек ала алатын болады, - деді Ә.Қалиев.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, болашақта дамыған заманауи инфрақұрылымы, диагностикалық, консультациялық және емдеу іс-шараларының толық спектрі бар және оңалтумен аяқталатын 4 жоғары мамандандырылған орталық құра отырып, кластерлік медицина жасау жоспарлануда екен.

Ал Жамбыл облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділда Шынәлиев коронавирус инфекциясының дәрігерлер арасында көптеп тіркеле бастағанына алаңдаулы. Жыл басынан 28 сәуірге дейін өңірде 124 медицина қызметкері індетке шалдығыпты. Оның 27-сі дәрігер болса, 73-і орта, 24-і кіші медициналық қызметкер санатына жатады.

Департамент басшысы 107 жағдайдың кәсіптік қызметке байланысты емес екендігін айтты. Ал 5 жағдай жұмыс орнында анықталған. Тағы 12 жағдайға қатысты тексеріс жүргізіліп жатыр. Осыған қатысты зерделеу жұмыстарының қорытындысы кейбір аудандарда мамандардың бір реттік медициналық костюмдерді қолданбағанын, әлеуметтік арақашықтықты сақтаймайтынын, инфекциялық бақылау бағдарламасының қойылмағанын, тағы да басққа көптеген олқылықтарды анықтап берген.

Әскери тәртіп сияқты медицина саласында да бұлжымайтын қағидалар қатаң сақталуы керек. Дәрігерлердің өзі санитарлық талаптарды қаперге ілмесе, басқалардан не сұраймыз? Сондықтан да өзінің қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаған ауруханалар мен емханалардың басшыларына шара қолдануды ұсынамын, -деді Б.Шынәлиев.

 


Өзгелердің жаңалығы