Бұл туралы BAQ.KZ тілшісі Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтен сұрады.
Аутизмі бар балаларға су жылдам ойлауға, тез бейімделуге, түсінуге мүмкіндік береді. Тіпті кейбірінің сөйлеу қабілеті де жақсара түседі. ДЦП диагнозы бар балалардың кейбірі жүзуге бару арқылы жүре бастайды. Осы орайда менің сұрағым: Шымкентте ерекше балаларға арналған бассейндер бар ма? Бұған дейін кезекте тұрған балалар санының көптігі айтылған. Жалпы инклюзия бойынша қандай жобалар жүзеге асады? – деді журналист.
Әкім БАҚ өкіліне жауабында қалада арнайы білімді қажет ететін 200-ге жуық бала бар екенін атады.
Жуық арада пайдалануға берілген нөмірі екінші оқушылар сарайында арнайы бассейн көзделген. Онда балаларға арнайы дәріс алуға толықтай мүмкіндік жасалған. Параолимпиадалық, сурдоолимпиадалық орталық саламыз. Ол жерде міндетті түрде кішкентай балалар да қолдана алатын нысандар, бассейндер болады. Жалпы жаңа айтып өткен оқушылар сарайындағы бассейнге 6 жастан 17 жасқа дейінгі балалар қатыса алады. Келешекте салған кезде міндетті түрде бірнеше жер болуын қамтамасыз ететін боламыз, - деді әкім.
Ғабит Сыздықбеков баяндамасында паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт түрлеріне мамандандырылған спорт кешенінің құрылысына құжаттар әзірленіп жатқанын, құрылыс 2025 жылы басталатынын айтты.