Жүзден астам ауылға су тарату пункттері салынады

16 Ақпан 2021, 12:44
1818
Бөлісу:
Жүзден астам ауылға су тарату пункттері салынады

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Қостанай облысының жүзден астам ауылында ауыз суды тарату пункттері салынады. Қарапайым сөзбен айтқанда, бұл – үлкен ыдыстар, оларға су автоцистерналармен тасымалданады. Осылайша, 100-200 адам тұратын елді мекендердегі ауыз су мәселесі шешілетін болады.

Облыс басшылығы мұның себебін қазына қаржысын тиімді пайдалану деп түсіндіреді. Магистральды су құбырын салу немесе қолданыстағы су құбырына қосылу үшін жоба әзірлеу, құрылыс және басқа да жұмыстар көп қаржыны талап етеді. Қысқасы, айтарлықтай шығын. 

Қалалар мен аудандардың әкімдіктері тасымалданатын суды тарату пункттерін сатып алу және орнатуға қатысты жол карталарын бекітті. Оларды монтаждау жұмыстары мамыр айында басталады. Аудан әкімдіктері конкурстардың уақытылы жариялануын бақылауда ұстауы, сондай-ақ, 2021 жылғы 1 қыркүйекке дейін су тарату пункттерінің орнатылуын және пайдалануға берілуін қамтамасыз етуі қажет, - деп атап өтті Қостанай облысы әкімінің орынбасары Виктор Ионенко. 

Меңдіқара ауданында осындай сегіз пункт орнату жоспарланып отыр. Әрқайсының сыйымдылығы – екіден бес текше метрге дейін. Мұнда су таситын операторды бекіту туралы шешім қабылданды. Жалпы, пункттерді орнатуға жергілікті бюджеттен 40 млн теңге қаралып отыр. 

Осылайша, халықты сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, сегіз жұмыс орнын ашамыз, - дейді Меңдіқара ауданының әкімі Нұрлан Қатарбеков. 

Өңірде жаңа автоцистерналарды сатып алуға да ақша бөлінеді. Өткен жылы құны 337,8 млн теңге болатын 15 машина сатып алынды. Олар аудандарға таратылды. Биыл тағы 14 автоцистерна алынады, оған 385,6 млн теңге бюджет қаржысы жұмсалмақ. Көліктердің бірі Федоров ауданына беріледі, онда 2021 жылы 14 ауылға тасымалданатын су тарату пунктерін орнату жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы