Жүзден астам атыраулық Президент сайлауын тәуелсіз бақылайды

12 Қараша 2022, 17:59
1045
Бөлісу:
Жүзден астам атыраулық Президент сайлауын тәуелсіз бақылайды
PHOTO
Фото: автордан

Кезектен тыс өткелі отырған Президент сайлауында атыраулық жүзден астам тәуелсіз бақылаушы саяси науқанның ашық әрі әділ өтуіне ат салысады, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы «Атырау-Ақпараттың» баспасөз клубында  мұнайлы аймақтың белсенді, ерікті жастары және қоғам белсенділерімен кездескен «HAQ» қоғамдық қорының атқарушы директоры Тоғжан Қожалы айтты. 

Аталған қор 20-қараша күні өтетін  кезектен тыс Президент сайлауына тәуелсіз бақылау жүргізетін бірден бір ұйым. Қор белсенділері мұндай жауапты жүкті биыл төртінші рет арқалап тұр. Тоғжан Қожалының айтуынша, мыңнан астам байқаушы еліміздің 8 қаласындағы сайлау учаскесінде саяси доданы бақылайды. 

Жүзден астам атыраулық Президент сайлауын тәуелсіз бақылайды

Тәуелсіз бақылау -  демократиялық қоғам құру үшін керек.  Сайлауға тәуелсіз байқаушылар көптеп  қатысса, саяси науқан әділ өтеді. Ол үшін әр сайлау учаскесінде 2 байқаушы болу керек.  Ел бойынша 12 мыңнан астам сайлау учаскесі бар, сондықтан 20 мыңнан астам байқаушыны жұмылдыруымыз керек, - дейді Т.Қожалы.   

Ал, «Золотое время» ҚҚ атынан жиынға қатысқан Айгүл Уәлиеваның сөзінше, 18 бен 30 жас аралығындағы жүзден астам атыраулық сайлауда тәуелсіз байқаушы болуға ниет білдірген. Олардың 70-тен астамы Атырау қаласының тұрғындары. Тәуелсіз байқаушылар үшін арнайы оқыту семинарлары ұйымдастырылған.  

Біздің тағы бір мақсатымыз - болашақ жастарға сайлаудың маңызын түсіндіріп, саяси білімді болуға шақыру. Байқасаңыздар, жастар қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқанымен сайлау күнң өз таңдауын жасауға, яғни дауыс беруге бармайды. Керісінше 45-50 жастан жоғары аға-апаларымыз белсенділік танытады. Олар сайлаудың маңызын бұрыннан санасына жақсы сіңірген. Осыны жастарға жеткізгіміз келеді,- деді А.Уәлива.   

Өзгелердің жаңалығы