Тарихи сана мен ұлттық болмыстың қазіргі ұрпақ үшін мәнін айқындау, Бейбарыс мешітін қалпына келтіру жұмыстары арқылы ұлттық бірегейлікке ұмтылу рухани көпірдің маңызды тұсы. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев "Túrkistan" халықаралық газетінде жарияланған "Реформалардың мәні – 3: ХХІ ғасырдағы ұлттың жаңа сапасы" атты мақаласында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әдетте, біз адамзат немесе ұлт тарихын өткеннің қойнауында қалған дүние секілді қабылдаймыз. Сондықтан оның қазіргі өмірімізге тікелей қатысы жоқтай көрінетіні бар. Әрине, тарихтың ықпалын ешкім жоққа шығара алмайды. Десек те, біз өткенге өткел салып өту мүмкін емес деп есептейтініміз жасырын емес. Бірақ кейде тарихтың тілсіз куәсі – тасқа, қабырғаға, сынған тостағанға қолымыз тисе, кенеттен кеше мен бүгінді жалғайтын көпір пайда болғандай, дәуірді дәуірге ұластырған жүйке тамырдың бүлкілдеп соққанын сеземіз, – деді Сенат төрағасы.
Оның айтуынша, ХХІ ғасыр шын мәнінде енді басталды – бұл өткен ғасырдың геосаяси тепе-теңдігі бұзылғаннан кейінгі жаңа кезең. Бұған дейінгі екі маңызды бағыт – саяси реформалар мен экономикалық бейімделу – қазіргі сын-қатерлерге берілген жауап болды. Ал үшінші бағыт – тарихи жад пен ұлттық бірегейлікті қайта жаңғырту арқылы ұлттың сапалық жаңғыруына жол ашу.
Біз тарихты өткеннің естелігі ғана деп емес, бүгінмен байланыстыратын тірі көпір ретінде түсінуіміз керек, – деді Мәулен Әшімбаев.
Ол 2023 жылы Президент тапсырмасымен Бейбарыстың 800 жылдығына орай Каирде өткен мешіттің ашылу салтанатына қатысқанын еске алды. XIII ғасырда салынған бұл мешітті қалпына келтіру жобасы Қазақстан мен Мысырдың бірлескен жұмысы ретінде жүзеге асқан.
Сол кезде ерекше бір күйді бастан кештім: бір сәтке туған жер мен тұрған жердің арасындағы бес мың шақырымның бар-жоғын сезбей қалдым. Өйткені талантты қолөнершілер қалпына келтірген сонау ХІІІ ғасырда бедерленген таныс ою-өрнектер, екі түсті кірпіштен қаланған қабырғалар – бәрі жүрегімізге жақын дүниелер еді. Бәлкім, біздің даңқты жерлесіміз өзінің бала кезінде Ұлы Дала төсінде қолына алған жусанның иісін сезініп, осылай болса да Отанына оралғандай күй кешкісі келген болар?! Осындай сәттерде өзіңді бүгінгінің ғана емес, одан анағұрлым үлкен жаратылыстың бір бөлшегі сияқты сезінетін күй болады. Өзіңнен бұрынғылар мен кейінгілердің ой-армандарын, рухын, қайғы-мұңы мен үмітін ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, бойына сіңірген біртұтас, үздіксіз, тірі сананың бөлігі екеніңді ұғына түсесің, – деді Әшімбаев.
Оның айтуынша, Ұлы Дала – тек географиялық ұғым емес, рухани кеңістік. Бейбарыс бейнесі арқылы ұлттың тарихи жадын жаңғырту – ұрпақты елдік санаға, тарихи сабақтастыққа жетелейді.
Міне, біздің бірегейлігіміздің тамырын осы тұстан іздеу керек. Көптеген ғасыр бойы бұл жанды кеңістіктің арнасы тарамдалып, әлемге жаңа қан таратса, тартылуға шақ қалған кездері де болды. Жеңістердің атасы атанған әл-Мәлік аз-Захир Рукн ад-Дин Бейбарыс қайта оралуды армандаған осы кеңістіктің бүлкілдеп соғып тұрған географиялық және рухани жүрегі, "әлемнің кіндігінде" орналасқан мекен, ол – Қазақстан. Бұрын солай болған, қазір де солай. Себебі әлемнің қай түпкірінде жүрсек те, тағдыр қаншама тамаша жерлерге жетелеп апарса да, мұрынды жарып, кеудені керген дала жусанының иісіне жететін ешнәрсе жоқ, - дейді ол.
Бұған дейін Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың жоғарыда аталған мақаласында Қазақстанның жаңғыру жолындағы жаңа бағыттары мен қоғамды сапалық тұрғыдан өзгертудің негізгі тетіктері сөз болғанын жаздық.
Сондай-ақ, Әшімбаев қазіргі реформалар саяси және экономикалық шеңберден шығып, қоғамның рухани және мәдени деңгейін көтеруге бағытталып отырғаны туралы да сөз етті. Ол "Біз кімбіз?" деген сауалға жауап бермей даму болмайтынын айтты.