Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елбасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрыновты қабылдады. Бұл туралы Елбасының жеке сайты хабарлады.
Кездесу барысында Қазақстанның Тұңғыш Президентіне Ұлттық ғылым академиясының қазіргі қызметі мен ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берілді.
"Біз халықаралық альянстарға кіру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Жас ғалымдарымыз серіктес елдерде тәжірибеден өтуге мүмкіндік алатын келісімдер жасалуда", - деді М.Жұрынов.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевқа «Белдеу және жол» халықаралық ғылыми ұйымдары альянсы аясындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының қызметі туралы ақпарат ұсынылды.
"Былтыр Бейжіңде әлемнің 47 жетекші елінің академиялары кіретін ғылыми ұйымдардың ең ірі альянсы құрылды. Біз де осы бірлестіктің бір бөлігіне айналдық. Осылайша, ғалымдарымыз түрлі бағыттарда ірі жобалармен жұмыс істеуге қосымша мүмкіндік алды", - деді М.Жұрынов.