Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жұрт ChatGPT-ге жүгінеді: Тоқаев Мәдиевке отандық ЖИ-ге қатысты сұрақ қойды

Бөлісу:
 ©BAQ.KZ коллажы
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке KazLLM-ге қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

KazLLM бағдарламасы бойынша бір сұрағым бар. Сіз (Жаслан Мәдиев – ред.) бұл мәселе жөнінде мәлімдеме жасадыңыз. Оны іске қостық деп айттыңыз. Бірақ менің білуімше, бұл бағдарламаға сұраныс әлі төмен. Себебі ақаулары көп. Жұрт ChatGPT-ге жүгінеді, KazLLM-ге көшкісі келмейді. Сондықтан KazLLM-нің айналасында не болып жатыр? Не айтасыз? – деп сұрады Тоқаев.

Мәдиев қазіргі таңда екі үлкен KazLLM мен AlemLLM модельдері бар екенін айтты.

Олар қазіргі таңда 40-тан астам жүйеде енгізілді. Сондай-ақ eGovAI және басқа да жүйелер. Бүгінде бұл модельдер нарыққа, IT-компанияларға, стартаптарға, студенттерге, зерттеу институттарына қолжетімді. Бірақ бұл модельдердің сапасын әлі де ұлғайту қажет. Сол себепті біз халықаралық деңгейдегі сарапшылармен бірге осы жұмысты жалғастырамыз, - деп жауап берді ЖИ саласының басшысы отырыста.

Одан кейінгі диалог былай өрбіді:

Тоқаев: Бұл салада олқылықтар бар ма? Оны білесіз бе?

Мәдиев: Бұл модельдерді үнемі жаңартып отыру қажет.

Тоқаев: Қазіргі таңда қанша адам KazLLM-ді пайдаланып отыр?

Мәдиев: Біздің мәліметіміз бойынша, осы модельге 600 мыңнан астам сұраныс болды.

Тоқаев: Қазақстан бойынша ChatGPT-де қанша адам отыр?

Мәдиев: Қазақстан бойынша...

Тоқаев: Осыны анықтау керек еді.

Мәдиев: Қазақстан бойынша халықтың 13%-ы осы жүйенің қолданушылары.

Тоқаев: Aitu-ді жасадық қой. Оны қанша адам пайдаланып жатыр?

Мәдиев: Aitu-дің бүгінде жалпы пайдаланушысы 700 мыңнан асады.

Цифрлық ел болу – алдымызда тұрған аса ауқымды міндет. Әсіресе биыл шешуші жыл болмақ. Сондықтан Үкіметтің осы бағытта қолға алған жобаларын цифрландыру ісіне зор серпін беруге тиіс, - деп айтты Президент.

Өзгелердің жаңалығы