Журналистер регламентті қатаң сақтау қажет – Аида Балаева

Бөлісу:
Журналистер регламентті қатаң сақтау қажет – Аида Балаева
Фото: Артём Чурсинов - архив

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында журналистер мен мемлекеттік органдардың өзара тиімді жұмысына, журналистикалық этикаға қатысты пікірін жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құрметті әріптестер! Журналистер мен мемлекеттік органдардың өзара тиімді жұмысы қоғамның негізгі құқықтарының бірі – объективті ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Алайда, осы бірлескен жұмыс кезінде кез келген өркениетті қоғамда басты қағидаттардың бірі саналатын сыйластық, этика және мәдени қарым-қатынас толық сақтала бермейді. Мәжіліс қабырғасында журналист Мадина Жатқанбаеваға қатысты орын алған жағдай, өкінішке қарай, аккредитация ережелерінің сақталмауы мен Премьер-министрдің орынбасарының баспасөз хатшысының әрекетіне байланысты туындады, - деді Балаева.

Министрдің сөзінше, мемлекеттік органдар ұйымдастыратын іс-шараларда журналистер белгіленген аккредитация талаптары мен регламентті қатаң сақтау қажет екенін естен шығармағаны жөн.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер де бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне құрметпен қарап, олардың кәсіби қызметіне кедергі келтірмеуге тиіс.

Министрлік мемлекеттік органдардың барлық баспасөз қызметтерімен бірлескен жиын ұйымдастырып, бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл тиімділігін арттыруға бағытталған жұмыстарды күшейтеді. Сонымен қатар, бұл бағытта Ақпарат комитеті де конструктивті диалог орнату бойынша жұмыстарды жандандырады, - деп сөзін түйіндеді Аида Балаева.

Өзгелердің жаңалығы