Журналистер мәртебесін айқындайтын кез келді – Нұртөре Жүсіп

28 Маусым 2021, 16:53
1920
Бөлісу:
Журналистер мәртебесін айқындайтын кез келді – Нұртөре Жүсіп

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілішісі. Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп жас журналистермен кездесу кезінде БАҚ туралы заңға енгізіледі деп күтілген өзгерістер туралы айтып берді.

Оның айтуынша, қазіргі күні БАҚ туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде жұмыс тобы құрылды.

 

Күзде қоғамдық қабылдау туралы заң жобасы қаралады. Одан кейін қаралатын үлкен жобаның бірі осы БАҚ туралы заң жобасы. Және бұл заңның басты мәселесі мәртебесін айғақтау болайын деп тұр. Өздеріңіз білесіздер, «Ұстаздар мәртебесі» туралы заң қабылданды, қазір қоғамда медицина қызметкерлерінің де мәртебесін айқындау туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Сол сияқты журналистер мәртебесі мәселесін де бір жақты ететін кез келді, - деді ол.


Оның айтуынша, қолданыстағы БАҚ туралы заңда журналистерге ақпарат алушы, таратушы, өңдеуші деген анықтама берілген.

 
Пандемияның өзі бұл мамандықтың дәрігер, полиция, төтенше жағдай қыземеткерлерімен бірдей қауіп-қатердің дәл ортасында жүретінін көрсетті. Денсаулықтарына төнген қауіпке қарамастан, өз міндеттерін мінсіз атқаратын мамандық иелері лайықты бағасын алуы тиіс. Олардың денсаулықтарына келтірілетін нұқсан, әлеуметтік жағынан қорғалуы БАҚ туралы заңның бір тармағына енгізілуі тиіс, - деп атап өтті депутат.

 
Сонымен қатар Нұртөре Жүсіп сөз еркіндігіне қатысты да пікірін білдірді.

 
Озып кеткен отыз елдің даму тарихына көз жүргіртсек, олардың қарышты қадамдарына технологияның, экономиканың өрлеуі ғана негіз болған жоқ. Осы елдердің барлығында сөз бостандығына, ой еркіндігіне ерекше мән берілген. Демек дамыған ел болудың басты шарттарының бірі осы. Еліміздің Ата заңымызда цензураның жоқ екені айтылған. Дегенмен елімізде сөз, ой, шығармашылық еркіндік толыққанды қамтамасыз етілсе, сапалық жағынан үлкен өзгерістер болар еді, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы