2025 жылдың қорытындысы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмысынан айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлемді 354,2 мың адам алған. Оның ішінде 311,9 мың азаматқа төлем дәл осы жылы тағайындалған. Жұмыссыздарды қолдауға бағытталған қаражаттың жалпы көлемі 130,4 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыстан босатылған қызметкерлер әлеуметтік төлемді 1 айдан 6 айға дейін ала алады. Төлем мерзімі міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табыс деңгейіне байланысты белгіленеді. Төлем мөлшері жоғалтқан табыстың 45 пайызына дейін жетуі мүмкін және МӘСҚ қаражаты есебінен төленеді.
Әлеуметтік төлем тағайындалуы үшін азамат eGov.kz порталы немесе enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыс іздеуші ретінде тіркелуі қажет. Онлайн өтінім берілгеннен кейін мансап орталығы бір күн ішінде бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер лайықты жұмыс табылмаса, үш жұмыс күні ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі.
Тіркеу туралы мәлімет болған жағдайда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесі азаматқа төлемді проактивті форматта рәсімдеу жөнінде SMS-хабарлама жолдайды. Азамат келісімін берген жағдайда, төлем автоматты түрде тағайындалады.
Министрлікте әлеуметтік төлем жұмыстан босатылу себептеріне қарамастан берілетінін және жаңа жұмыс орнын іздеу кезеңінде азаматтарды қолдауға арналғанын еске салды.