Жұмыссыз жастар мәселесі. Депутат сан қуа бермеуге шақырды

20 Мамыр 2022, 12:06
1299
Бөлісу:
Жұмыссыз жастар мәселесі. Депутат сан қуа бермеуге шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатта өткен парламенттік тыңдау кезінде сенатор Нұртөре Жүсіп сан қуа бермей, нарыққа керек мамандарды даярлау қажеттігін айтты.

Елдің ертеңі жастарға тікелей байланысты. Әрине саяси реформалар қолға алынып жатыр. Оң өзгерістер бар, - деді ол.

Сенатор алдымен білім мәселесіне тоқталып өтті.

Білім беру жүйесіне республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы жыл сайын еселеніп келе жатқанын білеміз. Осы ретте әлеуметтік салаға да қаржы аз бөлініп жатқан жоқ. Бұл бюджеттің жарты бөлігі. Реформалардың нәтижесі салынатын қаржы мен адам ресурсына тәуелді, сондықтан кадрлардың кәсіби деңгейі мен біліктілігіне көп нәрсе байланысты. Ал енді елдегі ЖОО мен колледждерді бітірген, бір емес, қолдарында бірнеше дипломы бар жастар еңбек нарығының сұранысын қанағаттандыра алмай отыр, - деп айтты Жүсіп.

Депутаттың сөзінше, жұмыс берушілердің сұранысы бір бөлек, білім беру жүйесінің оқу бағдарламасы бір бөлек. Соның салдарынан жұмыссыз жүрген жас азаматтардың қатары көбейіп жатыр.

Сан қуа бермей, нарыққа керек мамандарды даярлау өте маңызды. Біздің экономикамыз тұрақты, сапалы, жалақысы жоғары жұмыс орындарын жеткілікті дәрежеде аша алмай отырғанын ашық айту керек. 2021 жылғы желтоқсан айындағы жағдай бойынша оқу бітірген 168 000-нан астам адамның, 110 мыңы ғана жұмысқа орналасқан. ЖОО түлектерінің 31%-ы, колледж түлектерінің 33%-ы жұмыс таппай сандалып жүр, - дейді депутат.

Ол елімізге бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ керегін атап өтіп, жұмыссыздық мәселесіне тоқталды.

Жұмыссыздықпен күресу бағдарламалары қажетті нәтиже бермей отыр, өйткені қаржының басым бөлігі уақытша жұмыс орындарын құруға жұмсалады. Ал бұл тәсіл мәселені шешпейді. Соңғы 5 жылда бір ғана «Еңбек» бағдарламасына 695 миллиард теңге бөлінген. Нәтиже қайда? Мұның сұрауы кімде? - деп сұрады сенатор. 

Өзгелердің жаңалығы