Елімізде 2025 жыл "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жарияланды. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталған. Елімізде жұмысшы мамандықтарға қатысты қандай жобалар жүзеге асырылатынына шолу жасап көрген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еңбек адамының беделін көтеру, кәсіби білім беру және еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша оқытуды жетілдіру биылғы алға қойылған жоспарлардың бірі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда Ұлттық кәсіби классификаторда (ҰКК) 1274 мамандықтар тобы және 12 185 мамандық пен қызмет түрлері бар. Ең көп жұмысшы мамандықтары 5-9 негізгі топтарда шоғырланған, олардың саны шамамен 6677 атауды құрайды.
5-топ "Қызмет көрсету және сауда саласының қызметкерлері" 279 мамандықты, 6-топ "Шаруа қожалықтарының және ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, балық шаруашылығы мен балық аулау жұмысшылары" 174 мамандықты, 7-топ "Өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа да салалардағы жұмысшылар" 2327 мамандықты, 8-топ "Өндірістік жабдық операторлары, жинақтаушылар және жүргізушілер" 3385 мамандықты қамтиды.
Жұмысшы мамандықтары санатына кімдер жатады?
Ұлттық статистика бюросының дерегінше былтыр елімізде еңбекке қабылетті адам саны шамамен 9,6 млн адамды құраған. Соның ішінде 2 миллионға 300 мың бүгінде жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді екен.
Көлік және байланыс саласы: жүк көліктерінің жүргізушілер, автобус жүргізушілері, такси жүргізушілері, электровоз жүргізушілері, т.б.
Құрылыс және өндіріс саласы: құрылысшылар (монтаждаушылар, шеберлер, тас қалаушылар), дәнекерлеушілер, слесарлар, электриктер, жабдық операторлары, құрылыс бригадирлер, штукатурлар.
Қызмет көрсету саласы: сантехниктер, трубопроводшылар, қонақ үй қызметкерлері, кондитерлер, аспаздар, үй шаруашылығы қызметкерлері.
Ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы: тракторшылар, шаруа қожалықтарының жұмысшылар, жер өңдеушілер, малшылар.
Өнеркәсіп және тау-кен саласы: кеншілер, теміршілер, металл өңдеушілер, шахталар мен кен орындарының жұмысшылары.
Балық шаруашылығы мен су транспорты: балық аулаушылар, су транспортының жұмысшылары.
Энергетика және коммуналдық қызметтер: электрмонтаждаушылар, жылу жүйелерін жөндеушілері, газ және су жүйелері жөндеушілері, электр қуатын өндірушілер мен тарату қызметкерлері, су және жылу энергетикасының оператормен жұмыс істейтін қызметкерлері.
Өндіріс және механика: автокөлік жөндеушілері (автослесарлар, автомобиль механиктері), құралдар мен станоктар операторлары, машинистер, металлургия және химиялық өндірістің жұмысшылары, машина жасау шеберлері.
Тамақ өнеркәсібі және аграрлық сала: ет, сүт, ұн өндірісінің жұмысшылары, кондитерлер, өсімдік өсірушілер, мал дәрігерлері.
Сауда қызметкерлері: сатушылар, кассирлер, дүкен қызметкерлері, курьерлер жатады.
Қандай жобалар мен іс-шаралар қолға алынады?
Жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады
Өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырған болатын.
Өнеркәсіп, Энергетика, Көлік, Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрліктеріне кәсіпорындармен, әкімдіктермен және Отбасы банкімен бірлесіп, жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырамын, - Олжас Бектенов.
Жұмысшы мамандықтарға қатысты кадр дайындау мәселесін де Олжас Бектенов тілге тиек етті.
Экономиканың басты өндірістік қуаты – кәсібін жетік меңгерген жұмысшы мамандар. Қазіргі жұмысшылар жоғары технологиялық жабдықтармен, автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істейді. Бұл біліктілікті арттырып, интеллектуалдық әлеуетті және цифрлық сауаттылықты, жеке құзыреттілікті үздіксіз дамытып отыруды талап етеді. Бізге мыңдаған білікті жұмысшы қажет. Сонымен қатар жыл сайын жаңа мамандықтар пайда болады. Сондықтан болашақтағы дағдылар мен құзыреттерді болжау үшін әкімдіктердің барлығы кәсіптердің өңірлік атласын жасауы қажет. Әзірге тек 9 өңірде осындай құжаттар бар, - деді ол.
2025 жылы жұмысшы мамандықтарға қатысты кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру жұмыстары да жалғасады.
- Техникалық және кәсіби білім беру мекемелері мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық күшейтіледі.
- Жастарға еңбек нарығының сұранысына сәйкес мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік беру мақсатында оқу орындарында жаңа бағыттар мен мамандықтар енгізіледі.
Техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялауға арналған 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды
Еліміздің барлық, яғни 20 өңірінде жұмысшы мамандықтар беделін және кадрлар даярлау сапасын арттыруға, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған жоспарлар бекітілді. Сондай-ақ, негізгі мемлекеттік органдар, яғни 13 министрлік жаңа кәсіпорындар құру, сапалы жұмыс орындарын ашу, жұмыскерлердің біліктілігін арттыру, кадрлар даярлауда колледждермен бірлескен жұмысты жолға қою бойынша кешенді шаралар көзделген "Жұмысшы мамандықтары жылын" өткізу жөніндегі салалық жоспарларын әзірледі.
Іс-шаралар жоспарында өңірлік ерекшеліктер ескеріле отырып жасалған Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, халықаралық деңгейдегі сертификатталған мамандарды дайындау, жұмысшы орындарын құру, жұмысшы мамандардың құқықтарын қорғау және мәртебесін көтеру қамтылған. Кәсіпорындармен бірлесіп ел мектептерінде 1000 бейінді сынып ашылады.
"Жұмысшы мамандықтары жылын" өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары 7 бағытты қамтитын 70 тармақтан тұрады.
Іс шаралар жоспарында:
- Жаңа мамандықтар Атласын дайындау;
- Кәсіптік бағдар беру тұжырымдамасын іске асыру;
- Техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау;
- Кәсіби білікті кадрлар даярлау;
- Сапалы жұмыс орындарын құру;
- Жұмысшы кадрлардың құқықтарын қорғау;
- Жұмысшы мамандықтарының имиджін ілгерілету бойынша шаралар қарастырылған.
Тағы бір жаңа ауқымды жобалардың Ақтау қаласында Түркітілдес елдер арасында Turkiskills-2025 алғашқы кәсіпқой шеберлік чемпионаттары өтеді.
Аймақтардағы кадрға қажеттілік ескеріле отырып, барлық өңірлерде "Жаңа кәсіптер атласы" әзірленеді. Кәсіптік бағдар берудің жаңа тәсілдері оқушыларға еңбек нарығындағы жаңа талаптар туралы білуге, экономиканың нақты секторларындағы мансап перспективаларын бағалауға және мамандықтарды дұрыс таңдауға мүмкіндік береді, - деді Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
"Жас маман" жобасы аясында 180 мемлекеттік колледж заманауи оқу құралдарымен жабдықталады. Қазіргі таңда 270 мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын жаңартуға қажеттілік бар. Бұл білім ұйымдары оқу процесіндеморальдық тұрғыдан ескірген жабдықтыпайдаланады.
Жұмысшы мамандықтар жылында Ұлттық құзыреттер орталығы құрылады. Бұл орталық – кәсіби құзыреттерді, жаңа технологиялық шешімдерді, заманауи кәсіби дағдыларды әзірлеп өндіріске енгізуге ықпал етеді. Сонымен қатар, Ұлттық құзыреттер орталығы базасында жыл бойы халықаралық чемпионаттарға арналған оқу-жаттығу лагерлері, республикалық чемпионат, педагогтерге арналған салалық курстар өткізілетін болады.
Қандай марапаттар беріледі?
Жұмысшы мамандықтары жылындағы тағы бір жаңалық еңбек адамдарына көрсетілетін марапаттар болмақ. "Еңбек сіңірген құрылысшы", "Еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері", "Еңбек сіңірген геолог", "Еңбек сіңірген кенші" сияқты наградалармен марапатталады.