Жұмысшы мамандықтары жылы: Маңғыстау облысында қандай жоспар бар

Кеше, 13:40
228
Бөлісу:
Жұмысшы мамандықтары жылы: Маңғыстау облысында қандай жоспар бар
Фото: Үкімет баспасөз қызметі

Үкімет отырысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілгенін және өңірлік штаб өз жұмысына кіріскенін хабарлады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2025–2026 жылдары оқу-зертханалық корпусын ашу, жаңа идеялар хакатонын, халықаралық «DostiSkills-2025» салалық чемпионатын, халықаралық салалық аккредиттеуді өткізу жоспарланып отыр. 

Сондай-ақ ІТ hub және жұмыс берушілердің қолдауымен құзіреттер орталығын ашу, бизнестің нақты сұраныстары бойынша нысаналы білім беру тапсырысын ұлғайту және өңір колледждерінде жаңа мамандықтар ашу қарастырылған. 

Атап айтқанда, Н. Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану», О. Тұрмағамбетұлы атындағы Маңғыстау индустриялық-техникалық колледжі «Гидрогеология және инженерлік геология» мамандығы бойынша кадр даярлайды.

Қазіргі уақытта колледждердің білім беру бағдарламалары Жаңа мамандықтар атласының өзекті талаптарына сай болу үшін жаңартылуда.

Өңірде 2022 жылы еңбек нарығына сай жаңа мамандықтар ашу, жұмыспен қамтудың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында “Жаңа мамандықтардың атласы” іске асырылып, сұранысқа ие білім беру, туризм, мұнай-газ саласындағы мамандықтар айқындалды. Нысаналы қаржыландыру шеңберінде Есенов атындағы университет жоғары оқу гранты негізінде былтыр және биылғы жылдарға Маңғыстау облысының жаңа кәсіптер мен құзіреттіліктер атласы жұмыстары жалғастырылуда. Осы жылға құрылыс, энергетика, логистика салаларына басымдық беріліп отыр. Қазіргі таңда осы Атласқа сәйкес техникалық және кәсіптік білім ұйымдарының білім беру бағдарламалары бойынша микробіліктіліктерді жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Колледждерде салаға бейіндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Білікті мамандарды даярлау 89 мамандықтың 129 біліктілігі бойынша оқытылуда. 2024-2025 оқу жылына 65 мамандықтың 92 біліктілігі бойынша 5615 орынға, бұл 90%-ы мемлекеттік білім беру гранты бөлінді. Оның ішінде 70 жұмыс беруші мен колледж арасында келісім-шарт негізінде нақты сұранысына сәйкес мемлекеттік білім беру грантына 580 студент қабылданды. Ол біздің өңірдегі “Казкор-Транссервис”, “Озенспецстрой”, “ҚазАзот” секілді ірі-ірі мекемелер, — деп атап өтті Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін 2025 жылға қарай Маңғыстау индустриалды-техникалық колледжінде емхананың бұрынғы ғимаратын оқу-зертханалық корпусқа қайта жоспарлау жүргізілуде, Бейнеу ауданындағы екі колледж үшін жаңа ғимаратты жобалау дайындалуда.

Өзгелердің жаңалығы