Арулардың мерекесінде ана орнына ана болып, қыз тәрбиелеп отырған әкелер жайында айтудың артығы жоқ секілді, деп хабарлайды BAQ.KZ-тің Абай облысындағы тілшісі.
Мәселен, Талғат Ақашев Семейден 15 шақырым жердегі Мұқыр ауылында тұрады. Жұбайы 6 жыл бұрын, небары 32 жасында көз жұмған. Бүгінде Талғат үш қыз бен бір ұлды тәрбиелеп отыр.
Қыздарының алды – 19 жаста, кенже ұлы – 7 жаста. Үлкен қызы Семейде оқуда, жұмыс істеп, бауырларына көмектесіп тұрады екен.
Табысым көп емес. Бірақ ешкімге қол жаймай, отбасымды асырап жатырмын. Ең бастысы, балалардың тамағы жоқ, киімдері бар болса болғаны. Өзім қаладағы сумен жабдықтаушы мекемеде слесарь болып жұмыс істеймін. 116 мың теңге айлық аламын, мемлекеттен 59 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Күндіз қолыма балға, күрек алып жұмыста жүремін. Үйге келген соң балаларға тамақ әзірлеймін. Бәріне үлгеруге тырысамын. Бірақ әркез аналарының орны ойсырап тұрады. Бірақ амал қанша? Балаларым маған көмектеседі. Соған қуанамын - дейді Талғат Ақашев.
Өткен жылы Талғаттың кіші қызы Махаббат көшеде балалармен ойнап жүріп, жамбасын ауыртып, ірің пайда болыпты. Содан бері жүрісі қиындап, зардап шеккен аяғы басудан қалыпты. Ақылы емханалар Астанаға барып, лазерь арқылы іріңді алуды ұсыныпты. Бұл үшін ең әуелі МРТ-дан өтуі керек екен. Алайда жергілікті емханалар кезекке қоймай, әуреге салыпты. Бұл іске жақында «Отбасы орталығы» қоғамдық қоры араласып, Абай облыстық денсаулық сақтау басқармасына мәселені жеткізіпті.
Денсаулықтан артық байлық жоқ. Әуелі жан жарым ауырды, енді міне қызым. Жақында МРТ-ға жолдама алып, ем-дом аламыз деп ойлаймын. Сіздерге айтарым, құдай қосқан қосақтарыңызды қадірлеңіздер, «жұмыс, жұмыс» деп отбасын кейінге қалдырмаңыздар - дейді Талғат Ақашев.