Жұмыс істеп жүрген қызметкері 42 500 теңгеге өтініш берсе, бастығы жауапқа тартылады

14 Шілде 2020, 16:22
2367
Бөлісу:
Жұмыс істеп жүрген қызметкері 42 500 теңгеге өтініш берсе, бастығы жауапқа тартылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Шілде айында 42 500 теңгеге өтінішті тек жұмыс беруші бере алады. Егер жалған мәлімет ұсынса, жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты.

42 500 теңге жалдамалы жұмысшылар, жеке кәсіпкерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар егер табысынан айырылса, сол адамдарға төленеді. Ал "кім алмайды" деген сұраққа келсек, жұмыс істемейтін адамдар алмайды. Егер ресми түрде істеп жүрген мекемесінен шығып кеткен болса, Жұмыспен қамту орталығына хабарласуы керек. "Еңбек" бағдарламасы бар, грант, несие беру құралдарын ұсынып көреді. Егер сәйкес келмесе, үш күн ішінде ондай азаматты жұмыссыз ретінде тіркейді. Әрі қарай жұмыс іздей береміз, сосын әлеуметтік сақтандыру қорынан сол күннен жәрдемақы алуға құқығы пайда болады. Бұл алты айға жарамды. Орташа есеппен оның жалақысының 40 пайызын құрайтын болады, – деді Нұрымбетов онлайн брифингте.

Оның айтуынша, өткен жолы жұмыс істеп жүріп, 42 500 теңгені алғандар көптеп кездескен.

Өткен жолы 42 500 теңгенің кері тәжірибесі осы болды. Естеріңізде болса, жұмысшылардың өтініш бойынша екінші күні мен алдарыңызға шығып, жұмыс берушілеріңіз ұйықтап жатқан шығар, сондықтан өтінішті өздеріңіз бере беріңіздер деп едім. Өкінішке қарай, сол тәсілді көп адам кері пайдаланып кетті. Жасырмаймыз. Жұмыс істеп жүріп, жалақы алғандар да, ол мекемеден шығып кеткендер де өтініш берді. Себебі, біз бәрін жеңілдетіп тастадық. 100 мыңға дейін осындай жолмен алған адамдар болды. Осы жолы бұл қателікті қайталамаймыз, - деді министр.

Оның айтуынша, енді жалдамалы жұмысшылар үшін өтінішті тек жұмыс беруші жібере алады.

Сөйтіп, жұмыс беруші өзінің қарамағындағы тек еңбекақысыз жіберген қызметкерлерінің тізімін жібереді. Сол адамдардың өзінде жұмыс істейтінін, расында да ақысыз демалысқа жібергендерін дәлелдеуі керек. Тиісті жауапкершілік енді жұмыс берушінің мойнында болады. Ал жалған мәлімет берсе, заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады, - деді ведомство басшысы.

Өзгелердің жаңалығы