Жұмыс берушіге қатысты наразылықтар әлеуметтік желілерде жиі көрініс тапқан

10 Сәуір 2021, 09:39
1391
Бөлісу:
Жұмыс берушіге қатысты наразылықтар әлеуметтік желілерде жиі көрініс тапқан

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысындағы жекелеген кәсіпорындарда жұмыскерлердің тарапынан жалақыны көтеру мәселесіне қатысты әлеуметтік желілер, ұжымдық арыздар арқылы өз талаптарын білдіру деректері тіркелген.

Бұл жайында аймақтағы еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Досаев айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, мұндай жағдайлар «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС-ында, «Қазақтелеком» АҚ-ның өңірдегі филиалы Талас, Қордай, Тараз бөлімшелерінде болған. 

Аталған мекемелердің жұмыскерлерімен көтерген түйінді мәселелеріне қатысты тиісті түсіндірме шараларын жүргізіп, олардың талаптарын ішінара ғана қанағаттандырдық. Аймақтағы еңбек жағдайларын бақылауда ұстау мақсатында биылдан бастап республикалық үшжақты комиссия шешімімен еңбек тәуекел картасын апта сайын мониторингтен өткізіп, тұрақты бақылауда ұстап отырмыз. Нақтылай айтатын болсам, облыстың «Ыстық нүкте» картасы әзірлеп, оған еңбек даулары туындау қаупі бар кәсіпорындарды енгіздік. Бұл орайда, бұрын жалақы қарыздары орын алған, жазатайым оқиғаларға жол берген және өзге де төтенше оқиғаларға сеп болған 45 мекемемен тұрақты түрде жұмыс жүргізу үстіндеміз, - деді Қайрат Әскербекұлы. 

Ол еңбек даулары мен наразылықтар негізінен жалақының уақытылы төленбеуінен туындап жататындығын жеткізді. Мәселен, жыл басынан бері жамбылдық еңбек инспекторлары 733 жұмыскердің алдында 108,1 млн теңге көлемінде жалақы қарыздары бар екенін анықтап, толығымен өндіріп берген. Осы шаруаның аясында биылдыққа жеке және заңды тұлғалардың 300 арыз-шағымы зерделеніп, 20 тексеру ашылыпты. Ал еңбек заңнамасын бұзудың 16 дерегі кездескен. Нәтижесінде жалпы көлемі 889,7 мың теңгені құрайтын 7 айыппұл салынып, орындалуы міндетті 9 нұсқама берілді. 

Бұдан бөлек, тексерістер ашпай, жұмыс беруші мен жұмыскерді табыстыру шаралары арқылы 14 маманның мәселесі оң шешімін тапты. Сол сияқты, облыста әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның әріптестік механизмдері арқылы еңбек қатынастарын реттеу бағытындағы көпетеген мәселелер шешілуде. Бұл жерде да айта кететін бір мәселе – көптеген жағдайда жалақы қарыздарына қатысты түсініспеушіліктер орын алып жатады. Мұны жасырмауға тиіспіз, - деп атап өтті Жамбыл облысының бас еңбек инспекторы. 

Жеке кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алулар, қызмет көрсету, құрылыс, жол жөндеу, салу және өзге де бағыттарда белгілі бір жұмысты атқаруға азаматтық-құқықтық бағыттағы келісімдерді жасап, ертең дау-дамай туындаған жағдайда жалақымды бермеді деп шу шығаратын көрінеді. Мұндайда бір нәрсені түсінген жөн, бұл жағдайлар еңбек қатынастарына жатпайды, яғни жұмыскер мен жұмыс беруші емес, екі кәсіпкердің арасындағы қызмет көрсетуге бағытталған азаматтық қатынастар болып табылады. Бұл тек сотта шешіледі. 

Қ.Досаев азаматтардың жұмыс берушіге қатысты наразылықтарын әлеуметтік желілер арқылы білдіру фактілері жиілеп кеткенін де мәлімдеді. Әсіресе, жалақы төлеу мәселесі, еңбек заңнамасының бұзуылуы, еңбек қауіпсіздігі сынды проблемаларды интернетте қозғаушылар көбейген. Десе де азаматтардың еңбек құқықтары бұзылған жағдайда, ресми түрде арызбен еңбек инспекциясы басқармасына немесе азаматтық тәртіппен сот органдарына жүгінгендері абзал. 

Еңбек инспекторларымыз өз құзыреттері шегінде әрбір тұрғынның құқықтарын қорғауға қашан да дайын екендігін жеткізгім келеді. Бұл саладағы өзекті мәселелердің бірі – еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау мәселесі. Өткен жылы бұл бағытта көптеген шаралар қабылданып, жоспарлы жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсам, Жамбыл облысындағы жазатайым оқиғалар мен өндірістік жарақат алудың алдын алу және болдырмау жөніндегі жол картасы қабылданып, ірі және орта кәсіпорындарға «Халықтық бақылау» және «Нөлдік жарақат» концепцияларын енгіздік. Бұл жобаларды пилоттық режимде «Қазфосфат» ЖШС-нің «Минералды тыңайтқыштар» филиалында, «Talasinvestment company», «Таразқұрылысинвест», «Амангелді газ өндіру зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне, «Қазақстан Теміржолы» ҰҚ АҚ филиалында жүзеге асуда, - деді Қайрат Әскербекұлы. 

Ол жыл басынан бері еңбек инспекторлары 25 еңбек ұжымына барып, еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғауды қамтамасыз етуге жауапты мамандарға түсіндірме жұмыстарын жүргізгенін айтты. Бұл шара барысында құқықтық және методикалық сүйемелдеу, көмектер көрсету жұмыстары атқарылған. Дегенмен, өңірдегі жазатайым оқиғалардың саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1-еуге төмендегенімен, адам өлімімен аяқталған оқиғалар күрт артқан. Былтыр жыл басындағы үш айда 2 адам қайтыс болса, биыл бұл көрсеткіш 4-ке жетіпті. Осыған байланысты облыста ашық есік күндерін өткізіп, түсіндірме шаралары арта түскен. 

Одан бөлек, Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, мамандарымыз аудандарға шығып, 40 мекеменің 580 еңбеккерімен жұмыс кезіндегі қауіпсіздік мәселесін талқылады. Сондай-ақ әлеуметтік әріптестер мен жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, үшжақты комиссиялар арқылы да көптеген тірлікті тындырдық. Соның ішінде, өндірістік процестерді тұрақтандыру, еңбек заңнамаларын сақтау, жұмысшыларды қысқартпау мәселелері бойынша әкімдік, жұмыс беруші мен кәсіподақ арасында жасалған меморандумдар қабылдау 88,5 пайызға жеткізілді, - деді аймақтың бас еңбек инспекторы. 

Қуантарлығы, бұл шараға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі ұйытқы болып, ірі кәсіпорын басшылары мен жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек жағдайларын жақсарту жөніндегі құжаттарға қол қойған. Ал жұмыскерлердің еңбегін ұйымдастыруды жақсарту және өндіріс тиімділігін арттыру, яғни әлеуметтік көтермелеуді жақсартуға бағытталған ұжымдық шарттарды өңірдегі 10 048 кәсіпорынның 5 993-і немесе 59,6 %-ы қабылдапты. 

Еңбек қатынастары саласына соңғы жылдары енгізілген жаңалықтардың бірі - еңбек шарттарын электрондық үлгіге ауыстыру жұмыстары да жоғары қарқынмен жүзеге асырылуда. Былтырғы мамыр айында Еңбек кодексіне бірқатар өзгерістер мен толықтырулары енгізілген болатын. Мәселен, 23-баптың 27-тармағымен жұмыс берушіге жұмыскермен еңбек шартын жасасу және тоқтату, оған енгізілетін өзгерістер және толықтырулар туралы ақпаратты еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізуге міндеттелгендігін атап өткім келеді. Яғни, әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру, E-HR жүйесіне еңбек шарттарын енгізу жұмыстары да жоғары деңгейде атқарылды деуге толық негіз бар, - деді Досаев. 

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Жамбыл облысындағы заңды тұлғалардың ішінде 5 651 кәсіпорын 189 178 жұмыскердің еңбек шарттарын электрондық форматқа ауыстырған. Бұдан былай да аймақтағы еңбек қатынастары саласындағы жұмыстар белсенді түрде жалғасын тауып, тұрақты бақылауда болады.


Өзгелердің жаңалығы