Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингіне жыл сайын бюджеттен 1 трлн теңге бөлудің елімізге инвестиция тартуға қалай әсер ететінін сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Серік Ерубаевтың сөзінше, Ұлттық экономика министрлігіне 2026-2028 жылдарға арналған бюджетті қарастыру кезінде парламент үкіметтің ұсынысы бойынша инвестиция тарту мақсатында «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингіне жыл сайын бір триллион теңге беруге келісім берген болатын. Үкімет бұл қаражат есебінен холдинг әр жылда шамамен 7 трлн теңге көлемінде инвестиция, соның ішінде шетелдік инвестициялар әкеледі деп уәде берген.
Жоғары аудиторлық палатаның есебін тыңдасақ, бүгінгі әлемдік нарықта инвестиция тарту үшін аса жоғары бәсекелестік қалыптасқан. Осыған байланысты менде екі сұрақ бар: Біріншіден, бюджеттен бөлінген 1 трлн теңге нақты түрде 7 трлн инвестиция әкеледі деген қандай кепілдіктер бар? Екіншіден, егер 1 трлн теңге экономика үшін аса үлкен қаржы емес деп есептесек, бұл қаражатты «Бәйтерек» холдингіне беру орнына мемлекет арнайы бағдарлама жасап, жекеменшік банктерге олардың өз қаражаттарымен толықтыра отырып, бизнесті төмендетілген пайызбен инвестициялық несиелеу арқылы беру әлдеқайда тиімді болмас па? – деп сұрады депутат.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин биыл «Бәйтерекке» капитал ретінде тек 500 млрд теңге ғана берілген.
Осы қаражат арқылы белгілі жобаларға инвестиция тартылып, шамамен 9 трлн теңге инвестиция тартылды. Қаражаттар қажет болса, нақты қандай жобаларға жұмсалғаны туралы толық ақпарат бар. Сол себептен келесі жылы қаражат көлемін екі есе ұлғайтсақ, нарықтан 7 трлн теңге тартуға ешқандай күмән жоқ. Бір мәселені түсіну керек: біздің мақсатымыз - екінші деңгейдегі банктердің жұмысын істеу емес, олардың нанын тартып алу емес. Тартылған 7 трлн теңгенің жартысы екінші деңгейдегі банктердің қосымша қаражаты. Біз оларды қосымша жұмыс істеуге шақырамыз. Себебі қазіргі базалық ставка 18% деңгейінде, ал екінші деңгей банктерінің ставкалары 25%-ға дейін жетеді, бұл көптеген бизнестің тіршілігін тоқтатты. Сол себептен қаражат арнайы таңдалған салаларда және өңірлерде Қазақстанға қажет жобаларды енгізуге бағытталған, – деді Жұманғарин.
Серік Жұманғариннің айтуынша, «Бәйтерек» ұлттық холдингі қазір инвестициялық холдингке айналды. Оның болашақтағы жұмыс жүйесі айқындалды және премьер-министр қолдады. Қажет болса, барлық жобалар бойынша ақпарат парламентке толық көрсетіледі. Холдинг жұмысы тек ірі жобаларға және Қазақстанның болашағына әсер ететін жобаларға шоғырланады.