Үкіметтегі брифингте Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин инфляцияны төмендету, валюта нарығын тұрақтандыру және отандық өндірісті қолдау шаралары туралы айтты. Оның айтуынша, негізгі міндет – сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздікті жою және болжамды тарифтік саясат қалыптастыру, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жұманғариннің сөзінше, Қазақстанда бірқатар тауар бойынша ішкі ұсыныстың жетіспеушілігі негізгі инфляциялық фактор болып отыр.
Бағаның өсуінің басты себебі – сұраныс пен ұсыныс арасындағы дисбаланс. Біз тауарлардың едәуір бөлігін шетелден сатып аламыз, ал импорт оларды автоматты түрде қымбаттатады. Сондықтан біздің бірінші кезектегі міндетіміз – өз өндірісімізді арттыру, – деді ол.
Министр Үкімет отандық өнімнің үлесін, әсіресе күнделікті тұтынатын тауарлар сегментінде арттыра беретінін айтты. Сонымен қатар ол биыл 2026 жылға арналған бюджет жобасын дайындау жұмыстары аяқталатынын еске салды.
Бұл өте қатаң бюджет болады. Біз өңірлердің жауапкершілігін күшейтіп, шағын және орта бизнестің дамуын ынталандырамыз, ал республикалық деңгейде өндіріс көлемін арттыруға бағытталған жобаларды қолдаймыз, – деді ол.
Министр валюталық нарықты тұрақтандыру негізгі міндеттердің бірі болып қала беретінін атап өтті.
Валюталық нарық экономикамен тығыз байланысты. Біз іргелі факторларды бұрмаламай, батыл әрекет етуге дайынбыз, қажет болған жағдайда оны тұрақтандыру үшін белсенді қадамдар жасаймыз, – деп қосты ол.
Ол сондай-ақ 2024 жылы қосымша қолдау шаралары қабылданғанын атап өтті. Жұманғариннің айтуынша, ең маңызды шешімдердің бірі – тарифтердің болжамдылығын қамтамасыз ету.
Инвестициялық күтулер тарифтік күтулерге тікелей байланысты. Егер өндіруші алдағы 2-3 жылда тарифтердің қалай өзгеретінін білмесе, ол энергияны көп қажет ететін жобаларға, зауыттар, жылыжайлар, фабрикаларға, қаржы құймайды. Сондықтан Үкіметтің тарифтердің болжамды өсуіне қатысты бүгінгі шешімдері бизнес үшін маңызды белгі, – деді спикер.
Ол жаңа тарифтік саясат инфляциялық күтулерді төмендетудің маңызды құралына айналатынын атап өтті. Сондай-ақ вице-премьер Үкімет ұсынған шаралар кешені инфляцияны төмендетуге, валюта нарығын тұрақтандыруға, инвестициялық белсенділікті қолдауға, ішкі өндірісті дамытуға, сондай-ақ бизнес үшін түсінікті әрі болжамды ережелер қалыптастыруға бағытталғанын қосты.
Бұл – инфляциялық күтулерді басқарудағы маңызды қадам. Инвесторлар да, азаматтар да енді тарифтер мен экономикалық саясаттың параметрлерін айқын түсінетін болады, – деп түйіндеді Жұманғарин.