Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жұмахмет Жайлаубаев: Баланың қызығын көру – курортқа барып, үй-көлік алу емес

Жансая ҚАМБАР
30 Мамыр 2025, 09:00
2229
Бөлісу:
 BAQ.KZ
Фото: BAQ.KZ

Бес жылдан бері “Жетісу” телеарнасындағы бағдарламадан алынған төмендегі үзінді әлеуметтік желіде жақсы қаралым мен көп пікір жинап келеді. Бәлкім, әлеуметтік желіде сізге де кездескен болар? Видеода ер адам баланың қызығын көру және пейілдің тарылуы тақырыптарына тоқталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біз тойларда той иелеріне “Балаларыңның қызығын көр” деп тілек тілейміз. Ал сол “Қызығын көру деген не?” деген сұрақ туындайды ғой. Сонда қазір санамызда “қызығын көру” деген – баласы оған 2 қабатты үй салып беру, астына машина алып беру, шетелге, курортқа жіберу, материалдық жағдайын жақсарту. Осыларды баланың қызығын көру санаймыз. “Оо, баласының қызығын көріп жатыр” деп айтамыз. Ал баяғыда 2 қабатты үй, Мерседес, курорт жоқ кезде де қазақтар “балаңның қызығын көр” деп айтты ғой. “Сонда олар нені айтты?” деген сұрақ туындайды. 

Қазақтар ешқашан материалдықты байлық деп санамаған, дүние жинамаған, руханиды байлық санаған. Ал баланың қызығын көру деген – баланың жамандығын көрмеу деген сөз. Оның жақсылығын, жетістіктерін көру, қуанғанда бірге қуану. Балаңның бақытты екенін сезіну. Осыны баланың қызығын көру дейді. Ал біз сол қызықты ұмыттық та, бәрін материалдыққа апарып тіреп қойдық. Біз осы материалдық тұрғыдан қарауды өзгертпей, жастарымыз да өзгермейді.

Мысалы, баяғыда қазақтар “Я, Алла, менің жанымды алсаң да, малымды алсаң да, пейілімді алма” деп Алладан тілейтін. Пейіл дегеніміз не? Біз бүгін Қазақстанда Менделеев кестесіндегі барлық байлық бар деп айтамыз. Табанымызға Алла Тағала салып тастады. Не үшін? Қандай қасиетіміз үшін? Бұрынғы аталарымыздың пейілі үшін сонша байлықты беріп қойды. Ал бүгін біздің пейіліміз қандай? 

Бір ғана мысал айтайын. Бір жолдасым “үйге жөндеу жасадық” дейді. Сосын “хабарландырумен шақырған екі жігіт үйге келіп, жұмыс істеп жатыр” дейді. “Әйелім мен қызыма “Мына екеуіне шай беріңдер” деп айтсам, “Біз оларға неге шай беруіміз керек? Олар ақша табуға келді. Бұл – олардың жұмысы. Біз міндетті емеспіз” дейді”. Міне көрдіңіз бе, пейіл тарылып барады. 

Бүкіл проблема содан туындап жатыр. Алла Тағала пейіліміз тарылған сайын басқа дүниемізді де тарылтып жатыр. Бірақ біз оны биліктен, жоқтықтан, әлеуметтік мәселелерден көреміз. Ол мәселенің бәрі қазақ өзін ұлт ретінде сезініп, өзін-өзі сыйлағанда, құрметтегенде шешіледі.

BAQ.KZ тілшісі Жетісудағы әріптестерінің көмегімен видеодағы ер адамның Қазақстанның құрметті журналисі Жұмахмет Жайлаубаев екенін анықтап, онымен сұхбаттасты.

Жұмахмет мырза, сіз бұл ойды қашан айттыңыз?

Жетісу телеарнасында “Болмыс” деген бағдарлама болған. 2018 жылы сол хабарда айтылған. Сол жерін біреулер қиып, салыпты. Содан ары қарай кетті ғой. Әлі күнге дейін таныстарым жіберіп тұрады. Атырауда тұратын қызым “маған да жібереді, “папам” деп айтсам, сенбейді” дейді.

Қалай ойлайсыз, неге осы видео қатты таралып кетті?

Көптің ойында жүргеннен кейін шығар. Шынында да көп дүниені материалдыққа апарып тіреп қойдық қой. Мысалы ел ішінде қазір баланың тәрбиесі былай. Бала дүниеге келді. Сосын біз оны жақсы балабақшаға беруге тырысамыз. Береміз. Одан кейін “жақсы мектеп, жақсы мұғалім болса екен” дейміз. Сосын “мектепті жақсы бітірсе” деп қосымшаға береміз, дайындаймыз. Жақсы оқу орнына түссе, сол оқуға түсіріп, одан кейін бір жақсы жұмыс істесе. Әкім болса, министр болса, ары кетсе бір шетелде жұмыс істесе. Болды. Біздің “потолок” сонымен бітті ғой, тоқтадық сонымен. 

Ал рухани құндылық, рухани дүние жайында біз ешқандай тәрбие бермейміз ғой. Ешқандай әңгіме айтпаймыз. Мысалы, телефонның бірдеңесін сындырып алса, ол – материалдық жағдай, біз баланы “мынау бәленбай тұрады” деп жазалаймыз, ұрысамыз, айғайлаймыз. Ал материалдық дүниеге байланыссыз жағдайлар болған кезде, мысалы, бір ақсақалды ренжітіп қойса, біз оған мән бермейміз, жүре қараймыз. Бүкіл тіршілігіміздің барлығы сол материалдық құндылықтардың маңайында айналып жатыр. 

Бір ғұламаның “Егер жер бетінен әдебиет пен музыканы алып тастасақ, онда тек техниканың тарсылы мен тиынның сылдыры ғана қалар еді” деп айтатыны бар. Ақырындап-ақырындап сол дүниеге жақындап келе жатырмыз. Сондықтан айтқаным көңілдеріне қонып тұрғандар өте көп. Байқағаным, материалдық жағдайды әке-шешесіне жасай алмаған адамдар сол видеоны көбірек жіберетін сияқты. “Бастысы – материалдық жағдай емес” дегендей өзін ақтап алғысы келетін сияқты бір қыры бар. Ал әке-шешеге көмектесу, материалдық жағдайын жасау, үй, машина алып беру деген баланың әке-шешесінің алдындағы жай парызы ғой. Ол материалдық көмек көрсету керек. Бірақ біз соны баланың қызығын көру деп қабылдап кеттік.

Сіз парыз деп айтып тұрсыз. Алайда ата-анасын қолынан келгенше қуантып, қызығын көрсетіп жүргенмен, ақшасы өзінен, өз отбасынан артылмайтын, материалдық тұрғыдан ата-анасына көмектесе алмайтын адамдар да бар ғой. Сонда сіз “ақшаң болса, әпер, бірақ әпере алмасаң, қызығыңды көрсете алмадым” деп ойлама деп айтып тұрсыз ба?

Ақшасы болса әперу – баланың парызы. Мынандай бір хикая айтылады ғой, естіген шығарсыз. Біреу бидай егіп жүр дейді да, бидайды шашып егеді ғой бұрын. Бір уысты шашып жіберіп “парызым”, екіншісін шашып жіберіп “қарызым”, үшіншісін шашып “өзім үшін” деп айтады екен. “Бұл не?” деп сұраған кезде біріншісін “балаларыма берем, балаларымды өсіріп, жеткізу менің парызым” дейді. “Бидайдың екінші бөлігін ата-анама беремін. Олар мені жеткізді. Мен оларға қарызбын” дейді. “Үшіншісін өзім жеймін, өзіме қалады” дейді. Сонда парызын өтемеген ата-ана баласынан қарызын сұрай алмайды. Сондықтан егер біз ата-анамызға бір материалдық жағдай жасасақ, сол қарызымыздың өтеуі. 

Ешқашанда материалдық дүниемен өтелмейтін қарыздар бар. Мысалы, пайғамбардың хадисі бар ғой: "Кімге жақсылық жасаймын?" дегенде, "анаңа" дейді. Екінші рет те, үшінші рет те "анаңа" дейді, төртінші рет қана "әкеңе" деп айтады. Осыған байланысты дін ғалымдары неге пайғамбар үш рет “анаңа” деп айтқанын түсіндіреді. “Біздің анамыздың алдында ешқашан өтей алмайтын үш қарызымыз бар” дейді. Ол қарыздарды материалдық тұрғыдан, ақшамен немесе басқа дүниемен өтей алмаймыз. 

Біріншісі – анамыздың тоғыз ай бойы дұрыстап демалып жата алмай бізді құрсағында көтеруі. Екіншісі – өмір мен өлімнің арасында жатып, бізді мына жарық дүниеге әкелуі. Үшіншісі – түн ұйқысын бөліп, ақысын беріп, бізді өсіріп, тәрбиелеуі. Бұл – өле-өлгенше өтелмейтін парыз. Материалдық дүниемен, ақша, байлықпен ата-ана алдындағы осы парыздарды өтей алмайсың. Мысалы, мен бір қарттар үйі туралы хабар дайындағанмын. Ол кезде Қапшағайда қарттар үйінің директоры бір әйел адам болған, қазір зейнетте шығар. 

Сол “біздің қарттар үйінің жанында бір апа тұрады” деп айтып берді. Ол апа қарттар үйіне келіп, қариялармен сөйлесіп тұрады екен. Кейде директорға: "Мені осы жерге алшы" деп өтінеді екен. Бірақ директор: "Ой, апа, сізді ала алмаймын, бала-шағаңыз бар ғой" дейді. Сонда балаларының бәрі ауқатты, қызмет істейді екен. Қапшағайда үш бөлмелі үй әперіп қойған, бүкіл тамағын толтырып қойған. Балалары айына бір рет келіп-кетеді екен. Бірақ сол кісі таныстарын салып жүріп, ақыры қарттар үйіне кіріп алды дейді. Балалары бастапқыда қарсы болғанмен, кейін көнген. Сонда апаның келу себебі үйінде түрмеде отырған секілді сөйлесетін адамы жоқ болғанынан. Балаларының материалдық жағдайы бар, курортқа жібере алады. Бірақ одан қашып әлгі апа қарттар үйіне келіп алған. Бұл жерде материалдық жағдай рөл ойнамай тұр. Баланың қызығын көрді деп айта алмаймыз. Баланың қызығын көрсе, жаңағы апаның қарттар үйінде несі бар? Яғни баланың қызығын көру материалдықпен өлшенбейді.

Енді құндылықтарға тоқталайықшы. Бұрын құндылықтар қандай болды, қазір қандай?

Бұрын үлкенге құрмет, кішіге ізет, туыс-туғанмен араласу секілді адамзат баласына ортақ құндылықтар бар еді. Қазір құндылықтар әртүрлі. Ауылда отырған адам үшін құнды нәрсе қаладағы адам үшін маңызсыз болуы мүмкін. Жастардың арасында да айырмашылық бар. Ауылдан келген бала мен қалада өскен баланың құндылықтары жер мен көктей. Сондықтан біз ала-құла заманда өмір сүріп жатырмыз. Жалпы ортақ құндылық бар деп айту қиын. Әлеуметтік желіде де бір мәселе жайлы әркім әртүрлі пікір айтады. Мысалы, Магнумға байланысты біреу былай десе, екіншісі басқаша пікір білдіреді. Қазір құнды нәрсе не екенін анықтау қиын. Себебі әр адам өзіне не маңызды соны құндылық көреді. Дегенмен, менің ойымша, заман өзгерсе де, нағыз құндылықтар сақталып қалады. 

Біз өркениетті елдердің қатарына қосылғымыз келеді. Бірақ сол елдерде экономикалық, әлеуметтік мәселелер шешіліп қойған. Енді олар бір-бірімен қарым-қатынас, сыпайылық, туыстық байланыс, құрмет секілді рухани құндылықтарды армандайды. Біз ұлт ретінде осы құндылықтарымызды сақтауымыз керек. Біздің ұлттық тәрбие, әдептілік, туыстық қарым-қатынас, достыққа адалдық секілді қасиеттеріміз — ең басты байлығымыз. 

Мысалы, бір қажы апам: "Біз қазақтар Меккеде де бірікпейміз. Әркім өзімен-өзі жүреді. Басқа ұлттар Қағбаны айналғанда бір-бірінің қолынан ұстап, бірге жүреді. Қазақтар топтасып барады, бірақ барған соң бөлініп кетеді" деді. Бір кезде ол кісімен бірге Меккеге бардым. Қағбаны айналғанда әр ұлт өз тобы болып жүреді. Қазақтар болса, әрқайсысы өз бетімен. Бірақ бір байқағаным — біз бәрібір жол береміз, көмек көрсетеміз. Басқа ұлттар болса, өзінен басқаға қарамайды. Сонда түсінгенім иман әлсіз болса да, әдеп мықты бізде. Бұл — қанымызда бар нәрсе. Қазіргі заманда адамгершілікке, ұлттық қасиеттерімізге кері әсер ететін жағдайлар көп. Бірақ біз әлі де сыйластықты, үлкенге құрметті сақтап келеміз. 

Материалдық дүние келеді де, кетеді. Бүгін бар, ертең жоқ. Кішкентай ғана байлықтың немесе биліктің соңынан қуып жүріп, адамгершілік құндылықтардан айрылып қалуға болмайды. Біз әлі де ұлттық болмысымызды сақтап келеміз. Соны жоғалтпай, ары қарай дамытсақ, бізді ешкім жеңе алмайды.

Әңгімеңізге рақмет! 

Өзгелердің жаңалығы