Қазақстан қоғамдық даму институтының Қазақстан отбасылары ұлттық баяндамасын дайындау аясында жүргізген әлеуметтанулық зерттеуінің нәтижесі бойынша қалалық жерлерде респонденттердің 77%-ы жүктілікті жоспарлау қажет деп санайды, ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 67,3%-ды құрайды. Дегенмен олардың тек 17%-ы жүктілікті үнемі жоспарлап, медициналық тексеруден өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бірінші баланы жоспарлап, жұбайымен бірге медициналық тексеруден өткендер үлесі – 16,8%, медициналық тексеруден өтуді жоспарлайтындар – 10,2%, - делінген баяндамада.
Алайда дәрігерлер жүктілікті жоспарлау жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі уақытта ананың қауіпсіздігі үшін ғана емес, дүниеге толық жетілген, дені сау нәресте әкелу үшін аса маңызды екенін айтады.
Қазіргі кезде дүниеге жетілу кемістігімен келіп жатқан сәбилер бар. Бұл жүктілікке дейін ата-анасының, тек анасының ғана емес, әкенің де денсаулығын алдын ала тексеріп, кемінде алты ай, бір жыл бұрын фолий қышқылын қабылдап, дайындалмауынан болады, - дейді гинеколог Жұлдыз Әлпілам.
Дәрігер фолий қышқылын генетиктер мен дәрігерлердің ұсынысы бойынша, жүктілікке дейін үш–алты ай бұрын күніне 400 микрограмнан баланың жүйке жүйесінің дұрыс дамуы үшін қабылдау керегін жеткізді.
Көп әйелдер жүктілікке дейін мүлдем дәрігерге қаралмайды. Жүктілік кезінде қаралған кезде ғана әртүрлі патологиялар анықталады. Мысалы, қант диабеті, артериялық гипертензия, жүрек патологиясы және т.б. Бұл жүктілік кезінде және босану кезінде асқынуларға әкелуі мүмкін. Мысалы, преэклампсия, эклампсия, қан қысымының күрт көтерілуі, бүйрек жұмысының бұзылуы. Бұдан әрі нәрестенің уақытынан бұрын тууы, іште дамымай қалуы, босанғаннан кейінгі қан кетулер де болуы мүмкін, - деді Жұлдыз Әлпілам.
Маман анемия, яғни гемоглобиннің төмен болуы да босану кезінде қан кетуге, сәбидің іште шетінеуіне немесе ақаумен тууына әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Ананың өзі дайын болмаса, энергиясы аз, ағзасында витаминдер жетіспесе босанғаннан кейін баланы күту де қиын болады. Емшек сүтімен қамтамасыз ету, баланың дұрыс өсуі, салмақ қосуы ана ағзасына байланысты. Егер анада анемия болса, бала да салмақ қоспауы мүмкін немесе керісінше семіздікке бейім болады. Бұл болашақта баланың қант диабетіне шалдығу қаупін арттырады, - деді дәрігер.
Жұлдыз Әлпілам фолий қышқылы, темір, дәрумендер тапшылығы өте өзекті мәселе екенін атады.
Егер жүктілікке дейін ананың ағзасында темір аз болса, бұл баланың дамуында кешігулерге, тіпті туа біткен ақауларға әкелуі мүмкін. Хромосомалық ауытқулар, жүрек, бүйрек, басқа ішкі ағзалар ақауы бәрі соған байланысты болуы мүмкін. Сондай-ақ ата-аналарда түрлі жұқпалар анықталуы мүмкін. Олар босану кезінде балаға берілуі мүмкін. Сол себепті бала туғаннан кейін жиі ауырып, бір жасқа дейін бірнеше рет стационарға түсіп жатады, - деді маман.
Мұның алдын алу үшін не істеу керек?
Жүктілікті жоспарлау аса қиын емес. Отбасын құрған немесе екінші, үшінші рет бала көтеруді ойлап жүрген ата-аналар, ең алдымен, учаскелік терапевтке, гинекологқа баруы керек. Бүгінде жүктілікке дейінгі дайындықты кез келген әйел тіркелген жері бойынша тегін өте алады, - деді гинеколог Жұлдыз Әлпілам.
Егер талдауларда тапшылық анықталса, онда терапевт және қажет болса, эндокринолог та ем-диагностика жүргізіп, жүктілікке дейін әйелдің ағзасын қалпына келтіруге көмектеседі. Сонымен қатар, маман бала сүймес бұрын тек медициналық емес, өмір салтына да мән беру керегін жеткізді.
Уақытылы ұйықтау, дұрыс тамақтану, темекі, ішімдік, энергетиктерді тұтыну сияқты зиянды әдеттерден бас тарту, сондай-ақ артық салмақты реттеу мен физикалық белсенділікте маңызды, - деп қорытындылады дәрігер.