ШҚО фельдшер жүктілік туралы анықтаманы қолдан жасап, әкімшілік жазадан құтылуға әрекеттенгені үшін сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ШҚО Катонқарағай ауданының прокуратурасы жүктілік туралы анықтаманың – ресми құжатын қолдан жасау және пайдалану фактісін анықтады.
Аудан тұрғыны аудандық ауруханада гинекологтың фельдшері болып жұмыс істеп жүріп, өзінің жүктілігі туралы жалған анықтама берген. Ол бұл құжатты сотта қамауға алу түріндегі әкімшілік жазаны болдырмау үшін пайдаланған.
Прокурорлық тексеру қорытындысы бойынша ұсынылған анықтаманың жалған екені анықталды.
Бірінші сатыдағы сот актісі аудан прокуратурасының өтініші негізінде өзгертіліп, Қ. 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Қ.-ның жүктілігі туралы анықтаманы дайындап, пайдалануына байланысты аудан прокуратурасы Қылмыстық кодексінің 385-бабының 1 және 3-бөліктері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
2024 жылы 8 тамызда сот К.-ны тағылған айыптар бойынша кінәлі деп тауып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына соттады.