Шымкентте жүк көліктердің жүруіне тыйым салынған көшелер анықталды

28 Сәуір 2019, 18:34
3681
Бөлісу:
Шымкентте жүк көліктердің жүруіне тыйым салынған көшелер анықталды
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте ауыр салмақты автокөліктердің қозғалысын бақылауға арналған «Жол картасы» бекітілген. Осы «Жол картасы негізінде қаланың 7 көшесіде салмағы 8 тоннадан асатын жүк көліктерінің қозғалысын шектеуге шешім қабылданды. 

Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ержан Жолдасов хабарлады.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша 2811 шақырым автомобиль жолдары бар. Осы жолдармен ауыр салмақты Хово, Шансиман секілді және тағы басқа жүк көліктері белгіленген нормадан артық жүк тасымалдайды екен.

«Инспекция тарапынан бұл жолдардың барлығына бақылау жүргізу мүмкін емес. Сондықтан 2018 жылдың 12 желтоқсанында Шымкент қаласы әкімі Ғ.Әбдірахымов «Автомобиль жолдарымен қозғалатын ауыр салмақты автокөліктеріне бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған 2019 жылға арналған бірлескен «Жол картасын» бекітті. Шымкент қаласының автомобиль жолдарында ауыр салмақты автокөліктерге бақылауды қамтамасыз ету бойынша құзырлы органдардан жауапты тұлғалардан тұратын арнайы бұйрықпен жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы Шымкент қаласының автомобиль жолдарымен қозғалатын жүк көліктерінің қарқындылығына талдау жүргізді. Талдау нәтижесі бойынша қаланың 7 көшесіне: Ю.Гагарин, Б.Алпысбаев, Н.Исмаилов, Т.Рысқұлов, Т.Өтегенов, С.Байтереков, І.Жансүгіров көшесіне салмағы 8 тоннадан асатын жүк автокөліктеріне салмақтық шектеу белгілерін қою туралы шешім қабылданды. Салмақтық шектеу белгілерді орнату бойынша құзырлы мекемелерге ұсыныс жолдадық», - дейді Ержан Жолдасов.

Сондай-ақ, «Жол картасына» сәйкес, Шымкент қаласында орналасқан карьерлер мен жер қойнауын пайдаланушы жеке және заңды тұлғалардың тізімі анықталыпты. Бүгінге дейін 31 карьер иесі мен Шымкент қаласы әкімдігінің арасында қосымша келісім жасалған. Қосымша келісімнің негізгі талаптары бойынша, карьер иелері өз аумақтарына жүк көлігін өлшейтін таразы жабдықтарын орнату және жүк көліктеріне жүктің тауар жүк көлік құжатының беруді қамтамасыз етеді.

Шымкентте жүк көліктердің жүруіне тыйым салынған көшелер анықталды

Ержан Жолдасовтың сөзінше, Шымкент қаласы аумағында инертті материалдарды (құм-тас) жинақтайтын 27 заңсыз орындар да анықталған.

«Заңсыз деп айтуымыздың себебі, қалалық жер қатынастары басқармасымен бірлесіп осы орындардың қандай мақсатта берілгеніне анықтау жұмыстарын жүргіздік. Сонда 14 - жер тұрғын үй құрылысы үшін, 11 жер - дүкен құрылысы үшін, 1 жер - мешіт құрылысы үшін, 1 жер - ауыз су құдығын салу мақсатында берілгені анықталды. Заңсыз жұмыс жасап жатқан құм тас жинақтайтын орындардың жұмысын тоқтатып, қаланың кіре берісіне салу жөніндегі Инспекцияның ұсынысы Шымкент қаласы әкіміне жолданып, құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыстар жүргізіліп жатыр», - дейді ол.

Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен кейін құрылды. Инспекцияның негізгі міндеттерінің бірі - көліктегі қауіпсіздікті және жолдардың сақталуын қамтамасыз ету.

Инспекция құрылған 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап бүгінге дейін Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы тарапынан 516 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Барлығы 75 млн 789 мың теңгенің   әкімшілік айыппұлы мен жол жүру алымдары өндірілді. Оның 60 % инертті материалдарды тасымалдауға бейімделген карьер автокөліктері екені анықталды.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 571 бабының 6 тармағында ауыр салмақты жүк тасымалдағаны үшін салынатын айыппұлдардың өсіру көзделген. Демек, салмақтың артуына байланысты, мысалы: артық салмақ 1-5 тоннаға дейін, 5-10 тоннаға дейін, 10 тоннадан жоғары болып белгіленеді. Артық салмақ неғұрлым жоғары болған сайын айыппұлдың көлемі өсе береді. Сондай-ақ салынған әкімшілік айыппұлды жүк тасымалдаушылар 7 жұмыс күнің ішінде төлесе, Әкімшілік кодекстің 811 бабына сәйкес 50% жеңілдік қарастырылған»,-дейді көлік инспекциясының басшысы.

Оның сөзінше, Шымкент қаласындағы проблемалық мәселелердің бірі - құқық бұзушылыққа жол берген жүк көліктері үшін айыптұрақтың жоқтығы болып отыр екен.

Бүгінгі таңда қала аумағында коммуналдық меншіктегі 2 айыптұрақ және жеке меншіктегі 1 айыптұрақ жұмыс істейді.

«Өкінішке қарай, бұл айыптұрақтардың бүгінгі күндегі жағдайы үлкен жүк көліктерін қабылдауға мүмкіндігі жоқ. Осыған орай, жергілікті атқарушы орган тарапынан Шымкент қаласының аумағынан жер көлемі үлкен жүк көліктерін қабылдау мүмкіндігі болатын айып тұрақтың қызметін ұйымдастыру туралы ұсыныс жолдадық», - дейді Ержан Жолдасов.

Өзгелердің жаңалығы