Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жүк көлігі пойызбен соқтығысып, бензин тасымалдаған 18 вагон отқа оранды

26 Қыркүйек 2025, 18:20
932
Бөлісу:
 видеодан алынған кадр
Фото: видеодан алынған кадр

Ресейдің Смоленск облысында жүк көлігі пойызбен соқтығысып, бензин тиеген 18 вагон рельстен шығып, өрт шықты. Машинист пен көмекшісі жарақат алды, пойыз қозғалысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Мәскеу теміржолына сілтеме жасап.

Рудня мен Голынки станциялары арасындағы теміржол учаскесінде таңғы уақыт ірі апатқа ұласты: жүк көлігі келе жатқан пойыздың жолына шығып кетіп, салдарынан үлкен теміржол апаты болды.

Оқиға таңғы сағат 7:26-да болған. Жүк көлігінің жүргізушісі жақындап келе жатқан пойыздың дабылын елемей, өткелден өтіп үлгермек болған. Пойыз машинисі шұғыл тежеуге тырысқанымен, қашықтықтың тым аз болуына байланысты соқтығысудан қашып құтыла алмады.

Алдын ала мәлімет бойынша, соқтығыс салдарынан локомотив пен бензин тиеген 18 вагон рельстен шығып, өрт шыққан. Жанармай төгіліп, бірнеше цистерна отқа оранды.

Оқиға орнына жедел түрде үш өрт сөндіру пойызы мен төрт қалпына келтіру құрамы жіберілді. Локомотив бригадасы – машинист пен оның көмекшісі орташа дәрежедегі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер олардың өміріне қауіп жоқ екенін хабарлады.

Апатқа байланысты аталған учаскедегі пойыз қозғалысы уақытша тоқтатылды, пойыздардың жүру кестесі кешігуде. Апат салдарын жою және құтқару қызметтерінің жұмысын үйлестіру үшін Мәскеу теміржолы жедел штаб құрды, қалпына келтіру және тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы