Сенатор Амангелді Есбай жалған коучтар мен кәсіби біліктілігі жоқ психологтардың әрекеттеріне алаңдап, Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенатордың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда психологиялық көмекке деген сұраныс айтарлықтай артқан. Бұл қоғамның даму көрсеткіші болғанымен, саланың заңды және кәсіби тұрғыда реттелмеуі азаматтардың психикалық және әлеуметтік қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр.
Психолог немесе коуч қызметін ұсынғанымен, кәсіби біліктілігі жоқ адамдар көбейіп барады. Олардың іс-әрекетінен зардап шеккен азаматтар туралы бейресми шағымдар жиілеп кетті. Мұндай жағдайларда жеке өмірге қол сұғу, құпия ақпараттың таралуы, эмоциялық күйзеліс сияқты салдары көрініп жатыр, – деді Амангелді Есбай.
Сенатордың сөзінше, соңғы уақытта өзін “психосоматика маманымын” деп таныстырып, түрлі курстар өткізіп, өз бетінше сертификат тарататын топтар пайда болған. Сенатордың айтуынша, мұндай псевдосарапшылардың бір бөлігі ғасырлар бойы қалыптасқан отбасылық дәстүр мен ұлттық құндылықтарға қайшы пікірлерді ашық түрде таратып жүр. Олар дін қағидаларын өз бетінше тәпсірлеп, дәстүр мен дін арасындағы тепе-теңдікті бұзып, қоғамда адасушылық туғызуда.
Мысалы, отбасылық кеңес беру сылтауымен “жұбайыңызды қалай өзгертуге болады?”, “балаңызды басқару тәсілдері” немесе “ажырасу — жаңа өмірдің бастауы” деген мазмұндағы радикалды көзқарастарды насихаттайтын жалған мамандардың ықпалынан көптеген отбасылардың шаңырағы шайқалып жатыр. Көп жағдайда мұндай кеңестерде бала тәрбиесіне қатысты бұрмаланған ұсыныстар мен эмоциялық зорлық-зомбылық элементтері жасырын түрде беріледі. Соның салдарынан ата-аналар мен балалар арасындағы сенім әлсіреп, психологиялық жарақат пен жанұялық байланыстардың үзілуі жиілеген, - деп айтты Амангелді Есбай.
Бұдан бөлек, “бизнес бастаймыз”, “қаржылық еркіндікке жетеміз”, “арнайы бағдарламалау арқылы табысты боламыз” деген уәдемен жалған коучтар азаматтарды несие алуға итермелеуде. Көптеген адам мұндай уәделердің соңында қаржылық күйзеліске ұшырап, қарызға батып, жеке өмірі мен отбасының тұрақтылығына зиян келтіріп отыр.
Амангелді Есбай мәселенің түпкі себебі ретінде — қызметті лицензиялау мен тіркеу жүйесінің жоқтығын атады. Оның айтуынша, жеке практикамен айналысатын психологтар мен коучтардың нақты саны белгісіз, ал олардың табысы жиі көлеңкелі айналымда қалып отыр.
Сенатор нақты төрт ұсыныс білдірді:
- Психологиялық және коучинг қызметі туралы заң қабылдау, лицензиялау және кәсіби тіркеу тетігін енгізу.
- Психологтар мен коучтардың бірыңғай ұлттық реестрін құру.
- Этикалық кодекс пен құпиялық талаптарын заңдастыру, клиенттің жеке деректерін қорғау тетігін күшейту.
- Коучинг саласына ұлттық стандарттар енгізу, отандық сертификаттау жүйесін қалыптастыру.