Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде оқытушыларға арналған «Білім беру бағдарламасын масштабтау» тақырыбында оқыту курсы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Оқыту курсы онлайн және офлайн форматта 5 қаңтар мен 30 сәуір аралығында кезең-кезеңімен жоспарланған. Университет базасында 26 қаңтарға дейін 80 оқытушыға білікті профессорлар тарих ғылымдарының докторы Гүлбану Избасарова және педагогика ғылымдарының кандидаты Виктория Исламгалиева әзірленген білім беру бағдарламасын масштабтау бойынша оқытуды жүргізеді.
Курс барысында қатысушылар үздік халықаралық тәжірибелерді қолдану, инновациялық жобалық білім бағдарламалары шеңберінде силлабустарды әзірлеу, зерттеулерге негізделген педагогикалық білім, білім берудегі цифрландыру және педагогтердің цифрлық құзыреттілігін дамыту, инклюзивті білім беру және білім алушылардың әртүрлі санаттарын тану, пәнаралық оқыту тағы басқа дағдыларды дамытады.
Айта кетейік, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жұбанов университетінің оқытушыларына аталмыш оқыту курсында білім алуға 59 квота бөлді. Сонымен қатар университет базасында жергілікті оқу орындарының оқытушылары да оқиды.