Талап қоюшы туған күніне сәйкес ЖСН-ге түзету енгізу туралы өтінішпен полицияға жүгінген. Алайда, ЖСН-ді түзету туралы өтініш қанағаттандырылмаған. Жетісу облысының соты полицияның әйелдің ЖСН-дегі қателігін түзетуден бас тартуын заңсыз деп таныды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сот анықтағандай, туу туралы куәлікке және неке қию туралы куәлікке сәйкес талап қоюшы 1991 жылғы 13 мамырда туған.
Алайда, оның жеке куәлігінде туған күніне сәйкес келмейтін ЖСН жазулы болған.
«Сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысының 2, 3-тармақтарына сәйкес, ЖСН 12 саннан тұрады, оның алғашқы 6 саны жеке тұлғаның туған жылын, айын және күнін қамтиды. Алайда, талап қоюшының жеке куәлігіндегі ЖСН-нің үшінші екі саны, яғни туған күні 13-тің орнына 31 деп көрсетілген, бұл заңмен белгіленген алгоритм талаптарына және талап қоюшының туу туралы куәлігіне сәйкес келмейді, - деп хабарлады Жетісу сотының баспасөз қызметі.
Талап қоюшының жұмыс орнында жалақы есептеудің жаңа жүйесі енгізілген кезде ЖСН сәйкессіздігі анықталған, соның салдарынан зейнетақы жарналарын, салықтарды және басқа да міндетті төлемдерді аудару мүмкін болмаған.
Талап қоюшы туған күніне сәйкес ЖСН-ге түзету енгізу туралы өтінішпен Қаратал аудандық полиция бөліміне жүгінген. Алайда, ЖСН-ді түзету туралы өтініш қанағаттандырылмай, бас тартылған.
Бас тартумен келіспеген талап қоюшы сотқа жүгініп, бұл бас тарту оның құқықтарын бұзатынын және заңды мүдделерін жүзеге асыруға кедергі келтіретінін көрсеткен.
Сот ЖСН-ге түзету енгізуден бас тарту заңсыз деген қорытындыға келді. Өйткені ол талап қоюшының құқықтарын бұзады және оның заңды құқықтары мен мүдделерін жүзеге асыруға кедергі келтіреді. Сот шешімімен әкімшілік талап қою ішінара қанағаттандырылды. Қаратал аудандық полиция бөлімінің ЖСН-ге түзету енгізуден бас тарту түрінде көрініс тапқан әрекеттері заңсыз деп танылды. Сот полиция бөліміне талап қоюшының жеке сәйкестендіру нөміріне оның туған күніне, яғни 1991 жылғы 13 мамырға сәйкес заңда белгіленген мерзімде түзету енгізу арқылы жіберілген бұзушылықтарды жоюды міндеттеді. Жетісу облысы Полиция департаментіне қатысты талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылды. Сонымен қатар талап қоюшыға төленген мемлекеттік баж қайтарылды, - деп хабарлады Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты.
Сот шешімі заңды күшіне енді.