Жоспарланған көлемнен артық: Қырғызстан Қазақстанға 534 млн текше метрден астам су жіберді

29 Тамыз 2024, 10:36
576
Бөлісу:
Жоспарланған көлемнен артық: Қырғызстан Қазақстанға 534 млн текше метрден астам су жіберді
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Биыл суару кезеңінде Қырғызстан Қазақстанға Шу және Талас өзендері арқылы 534,3 млн текше метр су жіберді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Атап айтқанда, Талас өзені арқылы 394,3 млн текше метр су келді, бұл жоспарланған көлемнен 14,3 млн текше метрге артық.

Су дипломатиясы - министрліктің басым бағыттарының бірі. Біз барлық көршілерімізбен белсенді жұмыс жасап жатырмыз. Қырғызстанмен биыл Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының екі отырысы өтті. Суару маусымында біздің тарап Шу өзені арқылы 180 млн және Талас өзенімен 380 млн текше метр су алады деп келістік. Бүгінгі таңда үзіліссіз су келіп жатыр, ал Талас өзені арқылы келісілген кестеден артық су келді, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Шу өзені арқылы бүгінде 140 млн текше метр су алдық және Қазақстан мен Қырғызстанның су ведомстволары бекіткен кестеге сәйкес келіп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, 1 сәуірден бері Өзбекстан Сырдария өзені арқылы елімізге 4 млрд текше метрден астам су жіберген болатын.

Ал Тәжікстан 1 маусымнан бастап Қазақстанға мемлекетаралық «Достық» каналы арқылы 488,6 млн текше метр су жіберді.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 млн-ға, ал биыл жоспарланған көлемнен 45 млн текше метрге артық.

Өзгелердің жаңалығы