Бұрынғы Үкімет басшысы, қазіргі Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Үкіметте басқарған кезінде қандай жобалар қолға алынып, қандай жұмыс атқарылғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сіз Үкімет басшысы ретінде екі жыл қызмет атқардыңыз. Осы уақыт ішінде қандай жоспарларыңыз болды? Нені істеп үлгердіңіз, нені үлгермедіңіз? Бір-екі мысал келтірсеңіз, - деп сұрады БАҚ өкілдері.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Үкіметті басқарған кезінде әлемдегі геосаяси жағдайға қарамастан елімізде бірқатар жұмыстар атқарылғанын айтты.
2022 жылы келген кезімде қаңтар оқиғалары болды. Осы жылы ақпан айынан бастап геосаяси жағдай күрделеніп кетті. Көрші мемлекет батыс мемлекеттермен тікетіреске тұрды. Осындай жағдайларда санкциялар мен контрсакнциялар жарияланды. Әлемде азық-түлік бағалары күрт өсті. Еуроаймақта инфляция 2022 жылы 20 пайыздан асты. Көлік транзиттік-логистикалық проблемалар туындады. Осының барлығы бізге қолайсыз жағдай жасады, - деді Смайылов.
Сөзінше, біздің экономикамыз ашық. Сол себепті сыртқы қолайсыз жағдайлардың кері әсерін сездік. Осындай жағдайда Қазақстан экономикасын тұрақтандырып, өсу жолына салу керек болды.
Көптеген іс-шара іске асырылды. Соның нәтижесінде былтырдың қорытындысы бойынша экономикамыз 2022 жылы 3,2%-ға өссе, 2023 жылы 5,1%-ға өсті. Бұл қарқынды жаңа Үкімет жоғарылатуы қажет. Шағын және орта бизнесті, кәсіпкерлікті дамыту бойынша көптеген іс-шара іске асырылды. Біз кәсіпкерлермен көп кездестік. Олардың проблемаларын тыңдап, оны шешу үшін іс-шараларды іске асырдық. Мысалы, 10 мыңнан астам керексіз талаптарды заңнамадан алып тастадық, тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандырдық. Соның арқасында барлық тексеру органы енді автоматтандырылған басқару жүйелері арқылы тексерулерге шығу керек. Бұл тексерулердің саны екі есе қысқартылады дегенді білдіреді, - деп түсіндірді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, осы жұмыстың арқасында былтырдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 10 пайызға өсті. Ал олардың өндіріп жатқан өнімі 6 пайызға өскен.
Біздің жұмысымызды сыртқы халықаралық қаржы ұйымдары мен рейтинг агенттіктері де бақылап отырды. Сондай-ақ былтырғы жылдары рекордтық деңгейде шетелдік инвестицияларды тарттық.
Мысалы 2022 жылы 28 млрд доллар болды, 2023 жылы 27 млрд долларға жуықтады. Бұл рекорд. Себебі бұның алдында тек 22 млрд-24 млрд доллар болатын, - деп айтты Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Сонымен қатар ол денсаулық сақтау, білім беру салаларында да жүзеге асырыла бастаған жобалар болғанын еске салды. Смайылов жаңа Үкімет осы жұмыстарды жалғастырып, Президент айтқан жаңа экономикалық бағдарды іске асыруы тиіс екенін атап өтті.