Жоспар орындалуы керек. Смайылов жұмыспен қамту мәселесіне қатысты тапсырма берді

7 Маусым 2022, 11:47
1608
Бөлісу:
Жоспар орындалуы керек. Смайылов жұмыспен қамту мәселесіне қатысты тапсырма берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов ұлттық жобаларды іске асыру аясында тұрақты жұмыс орындары құрылуы қажет екенін айтты.

Президенттің тапсырмасы бойынша биыл жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары айтарлықтай күшейтілді. Жастар практикасына, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысушылардың жалақысы артып, қатысу мерзімі ұзартылды.  Жастар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдарға өз ісін ашу үшін  берілетін грант мөлшері екі есе - 400 АЕК-ке (1 225 200 теңге) дейін артты, - деді Үкімет басшысы.

Смайыловтың сөзінше, биылдың 5 айының қорытындысы бойынша 146 мыңнан астам қазақстандық жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. Сондай-ақ өңірлерде барлығы 3 мыңнан астам жобаны іске асыру жоспарланып отыр.   

Осы жылдың соңына дейін мемлекеттік қолдау аясында 500 мың адамды    жұмыс орындарымен қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар бос орындарға азаматтардың өздері Электрондық еңбек биржасы арқылы жұмысқа орналаса алады. Мұның барлығы «Жұмыс орындарын құрудың интеграциялық картасында» көрсетіледі. Оларды оңай бақылап, нақты жағдайды қарап отыруға болады, - деп түсіндірді Премьер-министр Үкімет отырысында.

Айтуынша, ай сайын онлайн-жәрмеңке өткізудің арқасында кез келген маман   еліміздің ірі кәсіпорындарына жұмысқа орналаса алады. 

Мұндағы ең маңызды мәселе – тұрақты жұмыс орындарын құру. Биыл Ұлттық жобаларды іске асыру аясында шамамен 270 мыңдай тұрақты жұмыс орны құрылуы тиіс. Бұл жоспар орындалуы керек. «Бақытты отбасы» жобасы аясында 20 мың әйелге жұмыспен қамту шаралары көрсетіледі, - дейді ол.

Сонымен қатар Үкімет басшысы атап өткендей, кәсіпкерлік негіздерін оқыту жұмыспен қамтудың тиімді құралына айналды. Былтыр осындай курстарда 33 мыңнан астам адам оқып, оның 15 мыңы өз бизнесін ашты.   

Бұл ретте business.enbek.kz бірыңғай кәсіпкерлік бастамаларды қолдау порталы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқыту мен гранттар беру бойынша бизнес-процестер автоматтандырылды.

Өзгелердің жаңалығы