29 сәуірде өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен «Жорға» би ансамблінің 25 жылдық мерейтойы аталып өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Жорға» би ансамблі 1997 жылы «Радуга» балалар шығармашылығы студиясының жанынан құрылды. Ал, ансамбльдің аға тобы 2001 жылдан бастап Абай атындағы мәдени демалыс кешенінің концерттік ұжымы ретінде жұмысын жалғастырып келеді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бір кездері «Жорға» би ұжымында небәрі 13 адам өнер көрсетсе бүгінде Серік Сариевтың би мектебінде 400-ге жуық өнерпаз мың бұрала билеп жүр. Мерейтой салтанатына еліміздің әр өңірінен танымал әртістер арнайы келді. Атап айтсақ, ҚР халық әртісі, білім беру ісінің құрметті қызметкері Гүлжан Талпақова (Атырау қ.), ҚР мәдениет үздігі Ғайникамал Бейсенова (Алматы қ.), ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор Тойған Изим (Астана қ.), ҚР мәдениет қайраткері, төраға хореографиялық өнер қайраткерлері қоғамының өкілі Еркебұлан Ағымбаев (Астана қ.), ҚР мәдениет қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Құлбекова (Астана қ.), ҚР мәдениет қайраткері Гүлжан Сағынова (г. Ақтөбе), ҚР халық әртісі Дәурен Абировтың қызы Камила Абирова (Алматы қ.), педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Балжан Тілеубаева (Шымкент қ.), Мәншүк Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжінің би маманы Бекзат Абсатова (Қызылорда қ.), ҚР мәдениет үздігі, балетмейстер Мағрипа Шегенбаева (Атырау қ.), хореограф Бибігүл Тілеубекова (Атырау қ.) және хореограф-дизайнер Исатай Елеусінов (Атырау қ.) бар.
Мерекелік кешке келген қонақтар «Жорға» ұжымының ұлттық би өнерінің көсегесін көгертудегі өрелі жетістіктерін санамалап, аталған ансамбль шығармашылығы елімізде ғана емес халықаралық кеңістікте де ерекше беделге ие екендігін атап өтті.
Өнер ұжымын өңір басшысы Нұрлан Ноғаев құттықтады.
25 жылдан бері «Жорға» ұжымы ұлттық би өнерінің үздік дәстүрлерінің тінін үзбей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келеді. «Жорға» ансамблі айрықша шығармашылық қолтаңбаға ие. Ансамбль репертуары алуан реңкті, аса бай. Бүгінде көрермендердің сүйіспеншілігіне ие болған танымал өнер ұжымы талғамы биік би қойылымдары мен жаңа композицияларды көрермен назарына ұсынып келеді. «Жорға» ансамблі ел аумағында аса танымалдыққа ие әрі халықаралық конкурстарда да Маңғыстау абыройын асқақтатып жүр. Біз бұны Серік Мұхамбетқарымұлының табандылығы мен шеберлігінің нәтижесі деп пайымдаймыз. Концерттер мен байқаулар физикалық және психикалық даярлықты талап етеді. Мен бишілерге шыдамдылық тілеймін. Тек төзім мен табанды еңбекпен жоғары нәтижеге қол жеткізуге болады. Сонда ғана армандар міндетті түрде орындалады! - деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
Мерейтойлық іс-шара аясында ҚР халық әртісі Шара Жиенқұлованың, тұңғыш кәсіби балетмейстер Дәурен Әбіровтың, ҚР еңбек сіңірген әртісі Нұрсұлу Тапалованың және ҚР халық әртісі Гүлжан Талпақованың қазақ биі тарихындағы тұңғыш шығармашылығына арналған көрме дайындалды. Сондай-ақ, Қазақстанның халық әртісі Шара Жиенқұлова мен Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Талпақова атындағы атаулы аудиторияның салтанатты ашылуы өтті.