Бүгін елордадағы Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің студенттері құқықбұзушылықтың алдын алу жайлы мамандардың дәрісін тыңдады. Құқық бұзудың арты неге алып барады? Қандай жазаға тартылады? Кибербуллингтен қалай қорғану керек? Ерте жүктіліктің салдары? Осы және өзге де сұрақтарға сарапшылар жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ІІМ бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық сабақтар өткізуді бастады. Бұл – ІІМ мен BAQ.KZ ақпараттық порталының бірлескен жобасы.
Осымен қатарынан екінші жыл өткізіліп келе жатқан қауіпсіздік сабақтары бүгінде оқушылар мен студенттер арасында құқықбұзудың алдын алуда ақпараттық-танымдық бағдар беретін, құқықтық түсіндіру жүргізетін маңызды іс-шаралардың біріне айналып отыр.
Осы ретте бүгін ІІМ-нің ұйымдастыруымен Астана қаласы Полиция департаменті Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінде «Кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылықты болдырмау және оның алдын алу» тақырыбында профилактикалық сабақ өткізді. Оған 16-17 жастағы колледж студенттері қатысты.
Бұған дейін елордадағы №3 мектеп гимназиясында дәрігерлер мен полицейлер 9-сынып оқушыларына нашақорлықтың алдын алу бойынша дәріс өткізді.
Колледждің педагог ұйымдастырушысы Әлімжан Шөңгербаев колледжде 1 200-дей бала оқитынын атап өтті.
Биыл Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжіне 40 жыл толып отыр. Колледж тамақтандыру және қызмет көрсету бойынша студенттерге білім береді. Мұнда аспаз, даяшы және тігіншілер оқиды. Колледжде 1 200-ден астам студент бар, - деді ол.
Сөзінше, Астана қаласы әкімдігінің «Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны екі жыл қатарынан «жылдың үздік колледжі» атанған.
Мұнда студенттер грантта оқиды. Ақылы форматта оқитын студенттер де бар.
Алматы ауданы полиция басқармасының учаскелік инспекторы Ақдидар Шаримбекованың қарамағына осы колледж де кіреді. Бүгін инспектор әріптестерімен бірге студенттер алдында құқықбұзушылық тақырыбы төңірегінде әңгімелесті.
Құқық бұзу - қылмыс
«Право» қоғамдың қорының заңгері Азамат Хамитов құқық бұзушылықтың және жыныстық қол сұғушылықтың алдын алу жайлы айтып берді.
Құқық бұзушылық дегеніміз не? Құқық бұзушылық — қоғамға зиян келтіретін және заң бойынша жазаланатын қоғамға қарсы әрекет. Мұндай әрекет жасағаны үшін азаматқа айыппұл салынып, тиісті жазаға тартылады. Өздеріңіз білетіндей, 14 жастан бастап азамат Қылмыстық кодекс бойынша адам өлтіргені, ұрлық жасағаны, тонау, бопсалау, бұзақылық және лаңкестік әрекеттер жасағаны үшін жауапкершілікке тартылады, - деп түсіндірді ол.
Ал әкімшілік жауапкершілік 16 жастан басталады.
Заңды өкілдердің қарауынсыз кәмелет жасына толмағандарға кешкі сағат 11-ден таңғы 6-ға дейін көшеде жүруге болмайды. Мұндай жағдай үшін жауап қарастырылған. Алдымен ата-аналарға ескерту жасалады, кейін әрекет қайталанса айыппұл салынады.
Жыныстық қол сұғылмаушылық - адамды кез келген заңсыз жыныстық зорлық-зомбылықтан қорғайтын жеке тұлғаның тұтастығының ажырамас бөлігі.
Қылмыстық кодекстің жыныстық қол сұғылмаушылыққа қатысты баптары:
120-бап. Зорлау
121-бап. Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер.
122-бап. 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе жыныстық сипаттағы өзге де әрекеттер, яғни педофилия
123-бап. Жыныстық қатынасқа, содомияға, лесбияндыққа немесе жыныстық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүрлеу.
124-бап. Кәмелетке толмағындарды азғындыққа итермелеу.
Зорлық-зомбылықтан қалай қорғанамыз?
«Право» қоғамдың қорының психологы Нұрай Амангелдіқызы балаларға жыныстық зорлық-зомбылықтың қалай құрбаны болмау керегін түсіндірді.
Бүгінгі күні кәмелетке толмаған балалардың жыныстық зорлық-зомбылыққа тап болып жатқанын білеміз. Бұл туралы бәріміз жаңалықтардан көріп, оқып жүрміз. Мұндай жағдайға кім тап болуы мүмкін? Қорқыныштың салдарынан бала осындай жағдайға душар болады деп ойламайсыздар ма? «Қазір мен онымен келіспесем, маған бірдеңе істеуі мүмкін, мен оны алдап, қашып кетемін» деп ойлауы мүмкін. Жыныстық зорлық-зомбылыққа қыздар да, ұлдар да тап болып жатады. Өкінішке қарай, біздің тәжірибемізде мұндай жайт 7-8 жастан басталған жағдайлар бар. Бұл өте қорқынышты. Барлығыңның іні-сіңілдерің бар. Мұндай ақпаратты болашақтарыңды қауіпсіз ету үшін айтып отырмыз, - деді психолог.
Қандай балалар жыныстық қорлық-зомбылыққа тап болады:
- Әлеуметтік жағынан осал балалар – көше балалары. Бұл ең үлкен тәуекел тобы, өйткені мұндай балаларды ешкім іздемейді. Мұндай балалар балалар жезөкшелігіне тартылып, көбіне құлдыққа түседі.
- Әлеуметтік осал отбасы балалары - мұндай балалар ата-ананың назарынан, қамқорлығынан айырылады. Олар ерте тәуелсіз болады және қылмыстық ортаның ықпалына түсуі мүмкін.
- Өте ауқатты отбасылардың балалары - мұндай отбасылардағы ата-аналардың екеуі де жұмыста, балаларға жеткілікті көңіл бөлмейді, мұны балаға ақша беріп өтейді, қымбат ойыншықтар сатып алады және т.б. Мұндай балалар ата-аналарының назарының жетіспеушілігінен қатты зардап шегеді және айлакер педофилдердің ықпалына оңай түсіп, оларды өздерінің ең жақын достары деп санайды, өйткені педофилдер балалар психологиясын жақсы біледі және балаға қажетті көңіл бөле алады. Олар тіпті баланы ата-анасына қарсы қойып, олардың дұшпан екенін санасына сіңіруі мүмкін. Мұндай қарым-қатынастар көбінесе қайғылы жағдаймен аяқталады.
Танысу сайты бар екенін білеміз. Көп адам ондай жерлерде өзін басқа адам ретінде көрсетеді. Оны ешкім тексермейді де, тіпті білмейді де. Сондықтан көп жағдайлар осындай сайттарда, әлеуметтік желілерде танысқаннан кейін де болып жатады, - деп айтып, сақ болу керегін ескертті.
Психолог оқушылар арасында ойын өткізіп, «жоқ» деп айтып үйрену керегін түсіндірді. Нұрай Амангелдіқызы балаларға достары осындай жағдайға тап болып қалса, бірден тиісті органдарға, ата-аналарына, ұстаздарына айту керегін жеткізді.
Балаларға арналған пайдалы кеңестер:
- бейтаныс адамдармен сөйлесуге және оларды пәтерге кіргізуге болмайды;
- бейтаныс адамдармен лифтке немесе подъезге кіруге болмайды;
- бейтаныс адамдармен көлікке отыруға болмайды;
- бейтаныс адамдардан сыйлық алуға және олармен бірге бару туралы ұсынысымен келісуге болмайды;
- сабақтан кейін, әсіресе қараңғы түскенде далада қалуға болмайды.
Кибербуллингтен қалай сақтану керек?
Кез келген адам кибербуллингке тап болуы мүмкін. Кибербуллинг дегеніміз не? Кибербуллинг – адамды интернетте, әлеуметтік желілерде қорлау немесе қудалау. Мысалы, ар-намысқа тиетін электронды хаттар, әдепсіз бейнероликтер мен суреттерді тарату, жалған аккаунттар арқылы тиісу.
Егер кибербуллингке тап болсаңыз, не істеу керек?
- әдепсіз хабарламаларға жауап бермеңіз, оларды дәлел үшін скриншот жасап, сақтап қойыңыз.
- қиын жағдайда қолдау білдіре алатын адамның көмегіне жүгініңіз.
- егер қудалау тоқтамаса, онда полицияға қоңырау шалыңыз.
- интернетте жеке өміріңізге қатысты видео, сурет немесе жеке ақпаратты жарияламас бұрын жақсылап ойланыңыз.
- әлеуметтік желілерде құпия сөздерді жиі ауыстырып, байланыстар тізімін тазалап тұрыңыз.
- күмәнді топтарға жазылмаңыз.
Ерте жүктіліктің алдын алу
Гинеколог Сәуле Дербісек бүгінгі күні кәмелетке толмаған қыздардың арасында ерте жүктілік көбейіп келеді.
Мұның барлығына осы тақырып төңірегінде ақпараттың аздығы себеп болады. ДДҰ-ның мәліметі бойынша, 15-19 жас аралығындағы жастардың арасында 21 млн ерте жүктілік тіркелген. Оның 12 млн-ы босанған. Бүгінгі күні Астанада соңғы 10 ай ішінде 47 ерте жүктілік тіркелді. Олар нәрестелерін дүниеге алып келгендер, - деді дәрігер.
Сәуле Дербісек ерте жүктіліктің салдары ағзаға қалай әсер ететінін түсіндірді. Жас қыздардың ағзасы әлі жетіліп үлгермегендіктен, олардың жатыры жарылып, қан кетуі, бала өлі туылуы мүмкін.
Көбі жыныстық тәрбиелеу туралы мектеп бағдарламасына енгізсек, керісінше ол туралы білгендіктен, ерте жүктілік көбейіп кетуі мүмкін деп ойлайды. Бұл – миф. Оны көптеген ғалым дәлелдеді. Себебі, осыны енгізген елдерде ерте жүктіліктің төмендеуі байқалады.
Осылайша гинеколог балаларға ерте жүктіліктің зиянды екенін түсіндіріп, қыздармен жеке әңгімелесті.