Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жомарт Ертаев рақымшылықтан айырылды: сот шешімінің күші жойылды

2 Қазан 2025, 13:21
636
Бөлісу:

Алматы облыстық соты Жомарт Ертаевқа қатысты рақымшылықты қолдану туралы шешімді жойды. Бұған дейін экс-банкир өтелмеген жаза мерзімі бойынша босатылған еді. Енді оның өтініші қанағаттандырылмай, сот қаулысының күші жойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін, 2025 жылғы 2 қыркүйекте Алматы облысы Алатау қаласы сотының қаулысымен Ертаевтың өтініші қанағаттандырылып, ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай қабылданған рақымшылық туралы заңның 3-бабы 6-тармағына сәйкес, оған 11 ай 16 күн өтелмеген жаза мерзімі бойынша рақымшылық жасалып, бостандыққа шығарылған болатын.

Аталған бапқа сәйкес, ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған, жазасын өтеу барысында жағымсыз мінез-құлқы тіркелмеген, өтелмеген жаза мерзімі 1 жылдан аспайтын сотталғандарға жазаның қалған бөлігі қысқартылады.

Алайда сот алқасы істі зерделей келе бірқатар заңдық сәйкессіздіктерді анықтады:

• Ертаев екі үкім бойынша сотталған – 2020 жылғы 16 қарашадағы және 2021 жылғы 3 наурыздағы;
• 2021 жылғы 25 маусымда Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының қаулысымен бұл үкімдер жиынтығымен түпкілікті жаза мерзімі белгіленген;
• Дегенмен, қаулыда бірінші үкім бойынша өтелген жазаны есептеу мәселесі қарастырылмаған және Ертаевқа жаза мерзімі қай үкімнен бастап есептелетіні көрсетілмеген;
• Алатау қаласы сотының қаулысы мен №14 мекеме анықтамасында өтелмеген жаза мерзіміне қатысты алшақтықтар бар. Бұған қоса, мекеме анықтамасына басшы қол қоймаған.

Осыған байланысты сотталған Жомарт Ертаевқа рақымшылық актісін қолдану туралы қаулының күші жойылды. Ертаевтың өтініші қанағаттандырусыз қалдырылды.

Еске салсақ, экс-банкир Жомарт Ертаевтың неліктен рақымшылыққа ілінгені жайлы хабарланған болатын.

Өзгелердің жаңалығы