Жомарт Айтқазы: Экологияға салғырт қарайтындарға қатаң шара қолданылады

27 Сәуір 2022, 15:47
2323
Бөлісу:
Жомарт Айтқазы: Экологияға салғырт қарайтындарға қатаң шара қолданылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Экология мәселесіне салғырт қарайтын кәсіпкерлік субъектілері мен жеке тұлғаларға қатаң шаралар қабылданады.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Жомарт Айтқазы айтты.

Оның айтуынша, қалада қоқыс қабылдайтын бір ғана орын бар, ол - арнайы полигон. Қалған орындарға қоқыс тасу - заңсыз әрекет, ол үшін жауапкершілік қарастырылған.

Қала маңындағы, іргелес жатқан аумақтардағы заңсыз қоқыс орындары бізге белгілі. Оларды тазалау бойынша аудан әкімдіктері ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр.  Атын атап, түсін түстесек бұл жұмыстың барлығы тек салдармен күрес.  Бүгін аудан әкімдіктері, тиісті басқармалар, экология департаменті және полиция өкілдерімен бірге салдармен бірге проблемалық мәселенің себебімен күрес, алдын-алу шараларын талқыладық, -деді Жомарт Айтқазы Facebook-тегі жазбасында.

Оның атап өтуінше, осы бағыттағы заң бұзушылық әрекеттердің алдын алу, фактілерге қатысты тиісті жазалау шараларын қабылдау экология департаменті мен полиция департаменті сияқты аумақтық органдар құзіретінде.

Мәселе бар. Жұмылып, жүйелі, кешенді жұмыс істейміз. Ол үшін арнайы құрылған мониторинг тобы, жұмыс жоспары мен әрекеттер алгоритмі бар. Экология мәселесіне салғырт қарайтын кәсіпкерлік субъектілері мен жеке тұлғаларға қатаң шаралар қабылданып, қомақты айыппұл салынатын болады, - деп атап өтті ол.

Өзгелердің жаңалығы